Тұрақты даму және бизнес-технологиялардың жаңа бағыттары: ҚазҰУ-дағы халықаралық конференция қорытындыларыFarabi University

Тұрақты даму және бизнес-технологиялардың жаңа бағыттары: ҚазҰУ-дағы халықаралық конференция қорытындылары

10 сәуір, 2026

2026 жылғы 7 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Экономика және бизнес жоғары мектебінің ұйымдастыруымен «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы тұрақты экономикалық даму парадигмасы: сын-қатерлер, салдарлар, мүмкіндіктер» атты IV Халықаралық ғылыми-практикалық конференция жоғары деңгейде өтті. Бұл маңызды іс-шара академиялық қауымдастық, бизнес өкілдері мен сарапшылар үшін заманауи экономиканың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік беретін алаңға айналды.

Конференцияның басты ерекшелігі – теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, тұрақты даму контекстіндегі нақты шешімдер мен инновациялық тәсілдердің ұсынылуы болды. Атап айтқанда, қатысушылардың ерекше қызығушылығын «Тұрақты даму жағдайында бизнес-технологиялардың трансформациясы: мүмкіндіктері мен перспективалары» атты секция тудырды.

Бизнес-технологиялардың тұрақты даму контекстіндегі трансформациясы тақырыбының өзектілігі жаһандық экономикадағы терең өзгерістермен байланысты. Бұл өзгерістер ESG қағидаттарына көшу, реттеуші талаптардың күшеюі және бизнестің экологиялық әрі әлеуметтік жауапкершілігіне қойылатын талаптардың артуымен сипатталады. Қазіргі компаниялар тек тиімділікті арттырып қана қоймай, тұрақсыздық, климаттық тәуекелдер және жеткізу тізбектеріндегі үзілістер жағдайында өз қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігіне тап болып отыр. Мұндай жағдайда деректерді талдау, жасанды интеллект және заттар интернеті сияқты цифрлық технологиялар ресурстарды тиімді пайдалануға, қоршаған ортаға келетін теріс әсерді азайтуға және бизнес-процестердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік беретін негізгі құралдарға айналуда. Сонымен қатар, тұтынушылардың мінез-құлқы мен инвестициялық басымдықтардың тұрақты және этикалық компанияларға бағытталуы да бұл тақырыптың маңыздылығын арттыра түсуде. Бұл өз кезегінде технологиялық трансформацияны бизнестің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін арттырудың стратегиялық бағыты ретінде айқындайды.

8 сәуір күні конференция аясында практикалық бағыттағы воркшоптар ұйымдастырылып, қатысушылар нақты кейстермен және заманауи цифрлық құралдармен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Атап айтқанда, Netpeak Kazakhstan компаниясының «СЕО» өкілі Дамир Гайтов және «Netpeak digital growth partner» жобалар менеджері Азрет Сатбеков «PPC, SEO және SMM салаларында жасанды интеллектіні қолдану: құралдар, кейстер, лайфхактар» тақырыбында баяндама жасап, маркетинг саласындағы жасанды интеллект мүмкіндіктерін жан-жақты ашып көрсетті. Олар нақты тәжірибелік мысалдар арқылы цифрлық құралдардың бизнес тиімділігін арттырудағы маңызын дәлелдеді.

«TransExpeditions LLP компаниясының GR және комплаенс» жөніндегі директоры Сайран Медеров «Халықаралық көлік дәліздеріндегі жүк көліктеріне қойылатын нормативтік талаптардың өзгеруі және олардың логистикалық процестерге әсері» тақырыбында баяндама жасап, халықаралық логистика саласындағы өзекті өзгерістер мен олардың бизнеске ықпалын талдады. Оның баяндамасында көлік-логистика секторында жаңа талаптарға бейімделудің стратегиялық маңызы ерекше атап өтілді.

Жалпы алғанда, конференция тұрақты даму идеяларын ілгерілетуге, бизнес пен ғылым арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап беретін тиімді шешімдерді қалыптастыруға елеулі үлес қосты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тағы да халықаралық ғылыми диалогтың маңызды алаңы әрі инновациялық идеялар мен тәжірибелер тоғысатын орталық екенін дәлелдеді.