Фараби форумы–2026: экономиканың болашағы туралы халықаралық ғылыми диалогFarabi University

Фараби форумы–2026: экономиканың болашағы туралы халықаралық ғылыми диалог

10 сәуір, 2026

2026 жылғы 7–8 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық Фараби форумы аясында жаһандық өзгерістер жағдайында тұрақты экономикалық даму мәселелеріне арналған V Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара ғалымдарды, сарапшыларды, оқытушыларды, докторанттар мен студенттерді біріктіріп, цифрлық экономиканың сын-қатерлерін талқылау және жаңа шешімдерді іздеу алаңына айналды.

Форум аясында «Заманауи жаһандық сын-қатерлер және стратегиялық басымдықтар: адами капитал, цифрландыру және Қазақстанның инклюзивті дамуы» тақырыбында секция жұмысы өтті. Секция жұмысын «Экономика» кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.к., профессор Г.Р. Даулиева ашып, жаһандық трансформациялар жағдайында ғылыми диалогтың өзектілігін және цифрландырудың артып келе жатқан рөлін атап өтті.

Конференцияға шетелдік ғалымдар мен халықаралық докторанттардың қатысуы оның маңыздылығын арттырды. Бұл цифрландыру, кластерлік даму және тұрақты өсу мәселелері бойынша халықаралық тәжірибені салыстыруға мүмкіндік беретін терең әрі көпқырлы ғылыми диалогты қамтамасыз етті.

Италиядағы Падуя университетінің профессоры David Celletti индустриялық кластерлердің өңірлік дамудағы драйвер ретіндегі рөлін талдады. Ол Солтүстік-Шығыс Италия мысалында бизнес, ғылым және мемлекет арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың бәсекеге қабілетті әрі тұрақты экономиканы қалыптастырудағы маңызын көрсетті.

Халықаралық күн тәртібінің жалғасы ретінде Өзбекстандағы Самарқанд экономика және сервис институтының өкілдері Р.М. Курбанова мен З.И. Саттарова баяндама жасады. Олар сервис кәсіпорындарын жаңғырту және мәдени туризмді дамыту мәселелеріне тоқталып, цифрлық технологиялардың, бизнес-процестер трансформациясының және клиентке бағдарланудың маңызын атап өтті.

Мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясы тақырыбын Әзербайжаннан келген зерттеуші Nariman J. Hajiyev жалғастырды. Ол электрондық қызметтердің әлеуметтік-экономикалық дамуға әсерін ашып, e-government жүйесінің ашықтықты арттыру мен әкімшілік кедергілерді азайтудағы рөлін атап өтті.

Сонымен қатар, докторанттардың, оның ішінде шетелдік жас зерттеушілердің баяндамалары ерекше назарға ие болды. Олардың зерттеулері цифрлық экономика, жасанды интеллект және адами капитал трансформациясы мәселелерін қамтыды.

Ғылыми талқылаулардың практикалық жалғасы 8 сәуірде воркшоп форматында өтіп, академиялық қауымдастық пен бизнес өкілдері арасында мазмұнды диалог ұйымдастырылды.

Viled Group компаниясының операциялық директоры Д. Тулешованың «Операциялық қызметтің цифрлық трансформациясы корпоративтік сектордағы тұрақты өсудің драйвері ретінде» тақырыбындағы баяндамасы жастар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Баяндама нақты кейстер мен заманауи басқару тәсілдеріне негізделіп, қатысушылардың белсенді талқылауына себеп болды.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институтының үйлестірушісі Р. Кабылкайраткызының «Ғылыми жобаларға өтінім дайындаудың ерекшеліктері» тақырыбындағы баяндамасы да кең талқылауға ұласты. Баяндамада бәсекеге қабілетті өтінім әзірлеу, академиялық этика, зерттеулердің ашықтығы және ғылыми нәтижелерді дұрыс рәсімдеу мәселелері қарастырылды.

Академиялық алмасу аясында З.И. Саттарова мен Р.Ж. Курбанова студенттерге «Жаһандық экономикалық даму» пәні бойынша (6 сағат, 2026 жылғы 7 сәуір) дәрістік және практикалық сабақтар өткізді. Сабақтар халықаралық тәжірибеге негізделіп, студенттердің белсенді қатысуымен өтті.

Жалпы алғанда, конференция ашық диалог, идея алмасу және кәсіби дамуға бағытталған ортада өтті. Фараби форумы–2026 ғылым, бизнес және жастарды біріктіретін халықаралық алаң ретіндегі мәртебесін тағы да дәлелдеді.