ҚазҰУ өнімі Шанхай көрмесінде таныстырылдыFarabi University

ҚазҰУ өнімі Шанхай көрмесінде таныстырылды

18 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында өндірілетін өнімдер Шанхайда өткен «Әлемді біріктіру – денсаулыққа арналған жарқын болашақ: Луджязуй халықаралық денсаулық бренді фестивалі» және Үлкен денсаулық брендін дамыту форумында таныстырылды.

Форум аясында ҚазҰУ делегациясы Луджязуй денсаулық саммит форумы мен дәстүрлі қытай медицинасы бойынша халықаралық байланыс және ынтымақтастық семинарына қатысты. Шараны Қытай дәстүрлі медицинасы ассоциациясы және Шанхай дәстүрлі медицина халықаралық ынтымақтастық орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының директоры, PhD, профессор Жанар Жеңіс: «Ауқымды шара аясында Қазақ ұлттық университетінің Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы Шанхайдағы Дәстүрлі қытай медицинасы бойынша халықаралық қызмет саудасын дамыту орталығымен стратегиялық ынтымақтастық орнатты. Бұл келісімге сондай-ақ Unocal Medical Group (АҚШ), Дубай дәстүрлі медицина ассоциациясы, Канада-Қытай дәстүрлі медицина алмасу ассоциациясы және Шанхай дәстүрлі медицина инновациялық зерттеу орталығы қол қойды.

Австралия мен Сауд Арабиясындағы қолданыстағы ынтымақтастық жобаларын қамти отырып, консорциум сегіз елдің негізгі серіктес мекемелерін біріктірді. Осылайша Америка, Австралия, Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия және Орталық Азияны қамтитын кең ауқымда дәстүрлі қытай медицинасы саласындағы халықаралық қызмет саудасы бойынша сыртқы ынтымақтастықтың базалық құрылымы қалыптасты», – деп атап өтті.

Аталған халықаралық келісім аясында ҚазҰУ-дың Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы академиялық алмасу, өнімдерді тіркеу және ілгерілету, сондай-ақ дәстүрлі қытай медицинасы бойынша мамандар даярлау бағыттарын жетілдіреді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі