ТДМ №4: «Баянсыз бақ» қойылымы студенттерге терең тәрбиелік ой салды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар, Физика-техникалық және Тарих факультеттерінің студенттері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Баянсыз бақ» атты қойылымына барып, мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор спектакльді көрді.
Қойылымда ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, үлкенді сыйлау, отбасы алдындағы жауапкершілік секілді адам өміріндегі ең басты құндылықтар шынайы әрі әсерлі түрде бейнеленеді. Актерлердің эмоцияға толы ойыны мен драмалық оқиғалардың өрбуі көрерменді терең ойға жетелеп, ата-ананың қадірін бағалаудың маңызын ерекше сезіндіреді.
Студенттер театр сахнасынан қазіргі қоғамда жиі кездесетін әлеуметтік мәселелерді көріп, оны өз ортасындағы жағдайлармен байланыстыра алды. Қойылымның әрбір көрінісі жастардың жүрегіне жақын, түсінікті әрі тәрбиелік тұрғыдан мәнді болды. Көрермен ретінде қатысқан студенттер спектакльден рухани әсер алып, адамгершілік пен мейірім тақырыбында маңызды ой түйіп қайтты.
Театрға бару жастар үшін шығармашылықты қабылдау мәдениетін қалыптастыруға, рухани дүниесін байытуға және ұлттық театр өнеріне деген қызығушылықты арттыруға ықпал етті. Студенттер «Баянсыз бақ» қойылымын көргеннен кейін ата-ана қадірі мен отбасы құндылығы жайлы әсерлі ой қалдырғанын атап өтті.
