ТДМ №4, 10: ҚазҰУ-да студенттерге арналған «KINO TIME» шығармашылық кеші өттіFarabi University

ТДМ №4, 10: ҚазҰУ-да студенттерге арналған «KINO TIME» шығармашылық кеші өтті

14 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының жанынан құрылған «Фараб» оқырмандар клубы мен Әл-Фараби кітапханасының бірлесуімен студенттерге арналған ерекше «KINO TIME» атты мәдени кеш ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты – студенттердің шығармашылық ой-өрісін кеңейту, мәдени талғамын қалыптастыру және оларды рухани тұрғыда қолдау болды. Кеш барысында қатысушылар көркем фильмді бірге тамашалап, бейресми жағдайда пікір алмасып, алған әсерлерімен бөлісті.

«KINO TIME» кешінің басты ерекшелігі – кітапхана тыныштығы мен кинематографияның көркем әлемін үйлесімді біріктіре отырып, студенттерге шабыт пен ерекше эмоциялар сыйлауы. Жылы атмосферада өткен шара қатысушыларға серпіліс әкеліп, оларды бірлік пен шығармашылық ортада біріктірді.

Студенттер үшін мәдени әрі мазмұнды демалыс ретінде ұйымдастырылған бұл кеш «Фараб» оқырмандар клубының әдебиет пен өнерді ұштастыруға бағытталған бастамаларының бірі ретінде оқытушылар мен студенттердің оң бағасына ие болды. Ұйымдастырушылардың кәсіби әрі жанашыр жұмысының нәтижесінде «KINO TIME» студенттер есінде жарқын естелік болып қалды.