ҚазҰУ-да ақпараттық технологиялар форумы өттіFarabi University

ҚазҰУ-да ақпараттық технологиялар форумы өтті

19 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің ақпараттық-коммуникациялық инженерия бойынша екінші форумы өтті.

Форумға Қазақстан, Қытай, Өзбекстан және Беларусь елдерінің жетекші ғалымдары мен сарапшылары қатысты. Форумды ашқан СБПУ вице-президенті, профессор Сяокуэй Юэ ақпараттық технологиялар саласында білікті мамандарды даярлаудың маңыздылығын атап өтті.   ҚазҰУ базасында ашылған СБПУ филиалы бүгінде «Инженерия», «IT», «Электрондық ғылым және технологиялар», «Аэронавтика» мамандықтары бойынша 140 студентке білім беріп, заманауи сұранысқа ие мамандар даярлап отыр.

Профессор Сяокуэй Юэ технологиялар мен цифрландырудың қарқынды дамуы, жасанды интеллектінің барлық салаға енуі жоғары білім беру жүйесін нығайтуға үлкен инвестицияларды қажет ететінін айтты. Ол бұл форум елдер арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын одан әрі дамытуға серпін беретініне сенім білдірді.

ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялар жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов форумның маңыздылығын атап өтіп, қатысушылардың ғылым мен білімнің өзекті мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасатынын, екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты жетілдіру мүмкіндігі болатынын жеткізді.

Ашылу салтанатында сондай-ақ физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен, СБПУ-дың Қазақстандағы филиалының директоры Цзие Кун және басқалар сөз сөйледі.

Форум барысында қатысушылар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, спутниктік және радиолокациялық жүйелер, жасанды интеллект, гиперспектралды бейнелер, электромагниттік үйлесімділік, сейсмология және қашықтан зондтау жүйелері бойынша баяндамалар жасады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі