Құрылымдық бөлімдерге жетекшілер тағайындалды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың өкімімен университеттің бірқатар құрылымдық бөлімдеріне жаңа басшы тағайындалды.
Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры қызметіне Махмұт Томанов, ал Стратегиялық даму орталығының басшысы қызметіне Жандос Байжұма бекітілді. Сонымен қатар «Қазақ университеті» баспа үйінің басшысы лауазымына Әбіл Каримханов тағайындалды.
Махмұт Мұратұлы Халықаралық бизнес университетін «Әлемдік экономика» мамандығы бойынша аяқтап, кейін «Экономика және халық шаруашылығын басқару» мамандығы бойынша аспирантураны тамамдаған. Еңбек жолын Тұран университетінде оқытушы болып бастаған. Өзінің кәсіби мансабында Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде, ҚР БҒМ ҒК жанындағы Экономика институтында, Сүлейман Демирель университетінде, сондай-ақ Алматы энергетика және байланыс университетінде түрлі жауапты қызметтер атқарды. 2021-22 жылдары Алматы менеджмент университетінде цифрлық трансформация жөніндегі проректор лауазымын атқарған. Одан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры лауазымына тағайындалғанға дейін ҚР ғылым және жоғары білім министрінің цифрландыру жөніндегі кеңесшісі болды.
Жандос Байжұма – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Рейтингі жоғары журналдарға жарияланған ғылыми мақалалардың авторы. Қазақстанның білім беру және цифрлық технологиялар саласында бірқатар маңызды жобаларға жетекшілік еткен маман QuantumERP стартапында Project Manager ретінде табысты еңбек етті.
2012 жылдан бастап Жандос Байжұма ҚазҰУ-да оқытушы және ғылыми жетекші ретінде қызмет атқарып келеді. 2016-2023 жылдары «School Quantum» ЖШС директоры ретінде білім беру орталығын өңірдегі үздік орталықтардың біріне айналдырды. 2012-2014 жылдары ҚазҰУ-дың Аккредиттеу, рейтинг және сапаны басқару орталығында бөлім басшысы қызметін атқарған кезеңде университеттің жоғары көрсеткіштерге жетуіне елеулі үлес қосты.
Әбіл Каримханов еңбек жолын «Таймас Принтхаус» баспаханасында сату бойынша менеджер болып бастаған. 2005-2007 жылдары «Papirus international» ЖШС жабдықтау жөніндегі менеджер болып жұмыс істеген. 2008-2012 жыл аралығында «Printmat Service» директорының орынбасары, 2022-2025 жылдары ADAL KITAP басшысының орынбасары лауазымын абыройлы атқарды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар