ҚазҰУ-да тоғызқұмалақтан ашық турнир өттіFarabi University

ҚазҰУ-да тоғызқұмалақтан ашық турнир өтті

26 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай,  тоғызқұмалақтан ашық турнир өтті.

Сайысқа Алматы қаласындағы 11 жоғары оқу орнынан келген білім алушы жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. ҚазҰУ-да білім алып жатқан Ауғанстан, Йемен, Иран, Қытай, Моңғолия, Түрікменстан, Бангладеш елдерінен келген шетелдік студенттер де белсенділік танытып, зияткерлік ойынға деген қызығушылықтарын көрсетті.

Барлығы 90-нан астам қатысушы бақ сынаған сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тоғызқұмалақ ойынының жастар арасындағы танымалдығын арттыра түсті.

Нәтиже бойынша қыздар арасында өткен сайыста ҚазҰУ  студенттері Мәдина Таңатарқызы екінші орынға, Ақерке Шамшархан мен Ажар Тұрысбек үшінші орынға ие болды. Ал ұлдар арасында Алтынбек Бердімұратов үшінші орынды місе тұтты. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ҚазҰУ-дың білім алушысы Ернұр Мұратқалиев үшінші орынға жайғасты.

ҚазҰУ-да оқып жатқан шетелдік студенттер арасында қыздардан моңғолиялық Кобеш Ахтуйгын жеңіс тұғырынан көрінсе, ұлдардан Моңғолиядан келген Ерболат Саяжан жеңіске жетті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі