Пәкістан университеттерімен серіктестіктің жаңа кезеңі басталадыFarabi University

Пәкістан университеттерімен серіктестіктің жаңа кезеңі басталады

27 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Пәкістан парламенті жоғарғы палатасының мүшесі, сенатор Зарка Сухарварди Таймур ханыммен кездесті. Келіссөз барысында білім, ғылым, мәдени байланыстарды кеңейту және бірлескен зерттеу жобаларын дамыту мәселелері талқыланды.

 

 

Кездесуде ҚазҰУ мен Пәкістанның ғылыми-білім беру қауымдастығы арасындағы қолданыстағы ынтымақтастық бағыттары пысықталды. Бүгінде ҚазҰУ Карачи, Лахор, Пенджаб, Куаид-Э-Азам университеттері және COMSATS Ақпараттық технологиялар институтымен берік әріптестік орнатқан. Жиырмадан астам елді біріктіретін халықаралық COMSATS ұйымы ғылым мен орнықты даму саласындағы бірлескен бастамалардың маңызды алаңына айналып отыр. ҚазҰУ базасындағы осы ұйымның Климат және тұрақтылық орталығы да табысты жұмыс істеп, халықаралық деңгейде зерттеулер жүргізуде.

 

Тараптар Quaid-i-Azam университетінде ашылатын Әл-Фараби орталығының маңызын да атап өтті. Бұл орталық гуманитарлық байланыстарды дамытуға, ғылыми конференциялар ұйымдастыруға және әл-Фараби мұрасын әлемдік академиялық қауымдастыққа кеңінен таныстыруға мүмкіндік беретін көпфункционалды алаң болмақ.

Сондай-ақ ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының жұмыс істейтіні айтылды. Мұнда аймақтың тілдері мен мәдениеттері бойынша мамандар даярланады. Факультеттегі урду бөлімі мен Пәкістан елшілігінің қолдауымен құрылған Мұхаммад Әли Джинна орталығы мәдени және ғылыми ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді.

Кездесу соңында тараптар серіктестікті жаңа деңгейге көтеру жөніндегі жоспарлармен бөлісті. Ректор гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейту, сарапшылар мен шақырылған лекторлар алмасуын жандандыру және Исламабадта ашылатын Әл-Фараби орталығының жұмыстарын қолдау бойынша бастамаларды таныстырды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі