ҚазҰУ-да дрон цехы ашыладыFarabi University

ҚазҰУ-да дрон цехы ашылады

8 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев жаңадан ашылғалы жатқан ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлейтін цехтың дайындығын тексерді.

 

Бүгінде нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды  жүргізілуде.

Ауқымды жобаны ҚазҰУ мен «Юань Чжэнь» компаниясы бірлесіп жүзеге асыруда. Цехқа қажетті алаңды оқу ордасы дайындап жатса, ал  қытайлық компания қажетті техникалармен және  аппараттармен қамтамасыз етеді.

Дайындалатын дрондарды түрлі салада, соның ішінде ауыл шаруашылығы, мониторинг, құрылыс және басқа да салаларда қолдануға болады. Сондай-ақ аталған цех ҚазҰУ студенттері үшін білім беру және ғылыми-тәжірибелік маңызы зор орталыққа айналады. Білім алушы жастар мұнда тағылымдамадан өтіп, жоғары технологиялық өндіріс саласында тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады.

Ректор құрылыс жұмыстарын сапалы және көрсетілген мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Бұған қосымша ЖОО басшысы ҚазҰУ базасындағы «Farabi HUB» орталығын, «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен робототехника орталығын және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығын аралап, соңғы өзгерістермен танысты. 

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі