Ғылыми аудиторияға академиктің есімі берілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі ғылыми зертханаға ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, көрнекті ғалым, ұстаз, отандық физиология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Қабдрахман Дүйсембиннің есімі берілді.
Аудитория биология және биотехнология факультетіндегі «Адам мен жануарлар физиологиясы» зертханасының құрамына кіреді.

Жиынға академик Қабдрахман Дүйсембин, шәкірттері, белгілі ғалымдар, факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Қабдрахман Дүйсембин – 240-тан астам ғылыми еңбектің, жеті монографияның авторы, бірқатар патенттердің иегері, ондаған ғылым докторлары мен кандидаттарын тәрбиелеп шығарған ғылыми мектептің негізін қалаушы. Оның лактатция физиологиясы, нейроэндокриндік реттелу, ғарыш физиологиясы салаларындағы зерттеулері, сондай-ақ ауыл шаруашылығына арналған қолданбалы ғылыми жетістіктері одақтық әрі халықаралық деңгейде мойындалған.

Академик ҚазҰУ-да нейроғылым бағыттарының қалыптасуына жол ашып, бірнеше онжылдық бойы факультеттің ғылыми-білім беру ортасын дамытуға, оқу бағдарламаларын жасау мен жаңартуға, жаңа буын зерттеушілерін тәрбиелеуге айрықша үлес қосты.

Жиналғандар көрнекті ғалымның еңбек жолына тоқталып, отандық ғылымның дамуына қосқан үлесін айрықша атап өтті.

Іс-шара соңында академик Қабдрахман Дүйсембин көрсетілген құрмет үшін оқу ордасының басшылығы мен ұжымына ризашылығын білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар