Қалқымалы тоннель жобасына талдау жасалдыFarabi University

Қалқымалы тоннель жобасына талдау жасалды

10 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Каспий арқылы салынатын қалқымалы тоннель құрылысына қатысты Қазақстан Республикасы үшін тәуекелдер мен мүмкіндіктерді бағалау: ұсыныстар» атты фасилитациялық сессия өз жұмысын бастады.

Басты мақсат – Каспий теңізі арқылы өтетін қалқымалы тоннель жобасын іске асыруға бағытталған тиімді шешімдер мен ұсыныстарды әзірлеу. Модератор, тренингті менеджмент және стратегия бойынша тәжірибелі сарапшы, танымал бизнес-тренер Қайсар Мақан сессияның ашылу барысында қатысушыларды құттықтап, алдағы талқылаулардың маңыздылығына тоқталып, сәттілік тіледі.

Жиынға университеттің заң, география және табиғатты пайдалану, философия және саясаттану, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеттері мен Экономика және бизнес жоғары мектебінен жетекші сарапшылар, оқытушы-профессорлар құрамы және ғалымдар қатысуда.

Заң ғылымының магистрі, Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының аға оқытушысы Қанат Әлихан өз сөзінде: «Бүгінгі сессия тақырыбы – ерекше және бұрын-соңды күн тәртібіне шықпаған тың бастама. Егер болашақта бұл жоба жүзеге асса, әлемдік деңгейде теңдесі жоқ күрделі инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналары анық», – деп атап өтті.

Сессия барысында жобаның негізгі мүдделі тараптары мен олардың қызығушылықтарын талдау, ықтимал тәуекелдерді айқындау және стейкхолдерлермен өзара әрекеттесудің тиімді формаларын анықтау мәселелері жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар жобаның орындалуына әсер етуі мүмкін қазіргі және болашақ факторлар сараланып, туындауы ықтимал тәуекелдерді төмендету жөніндегі шешімдер әзірленді.

Сарапшы Бауыржан Тәжібаев өз пікірінде: «Стратегиялық сессияның басты мақсаты – ғылыми сарапшылардың көзқарасын білу, туындап отырған немесе келешекте туындауы мүмкін мәселелер бойынша ортақ шешім қалыптастыру. Ең маңыздысы – бір арнаға тоғысып, бірыңғай ұстанымға келу. Бұл жоба тек Қазақстан үшін ғана емес, көршілес елдер үшін де аса өзекті әрі қызығушылық тудыратын бастама», – деді.

Айта кетейік, сессия жұмысы екі күнге жалғасады. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі