Алматы облысына ғылыми шешімдер ұсыныладыFarabi University

Алматы облысына ғылыми шешімдер ұсынылады

11 желтоқсан, 2025

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университет басшылығы мен Алматы облысының «Өңірлік даму орталығы» ЖШС делегациясының ресми жұмыс кездесуі өтті.

Делегацияны орталық директоры Ақжол Исақов бастап келді. Келіссөз барысында тараптар ғылыми зерттеулерді, инновациялық жобаларды және технологиялық бастамаларды дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов жаңа әріптестіктің стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. «ҚазҰУ үшін өңірлік институттармен бірлескен ғылыми-технологиялық жобаларды дамыту – бірыңғай инновациялық экожүйені қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Біз әріптестіктің жоғары әлеуетіне сенеміз және бірлескен зерттеулер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет ететін нақты нәтижелер береді», – деді ол.

Өз кезегінде орталық директоры Ақжол Исақов ынтымақтастықтың практикалық пайдасын тілге тиек етіп, орталықтың ҚазҰУ-дың ғылыми әзірлемелерін цифрлық трансформация мен жобаларды басқарудың нақты құралдарына айналдыруға мүдделілігін атап өтті.

Кездесу барысында тараптар меморандум аясындағы негізгі бағыттарды талқылады. Тараптар жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, деректерді талдау және автоматтандыру салаларында бірлескен зерттеулер жүргізуге келісті. Сондай-ақ пилоттық жобалар әзірлеу, интеллектуалды шешімдер енгізу, цифрлық трансформация бағдарламаларын дайындау жоспарланды. Болашақта зертханалар, құзыреттер орталықтары және көрсетілім алаңдары құрылатын болады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алғашқы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдіріп, ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі