ҚазҰУ табиғи қауіп-қатерлерден қорғау жүйелерін жетілдіреді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдерінің қатысуымен сел, қар көшкіні және көшкін қаупінен қорғауды күшейтуге бағытталған ғылыми-инновациялық кеңестің алғашқы отырысы өтті.
Отырысқа университет тарапынан академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева, Тұрақты даму және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану орталығының директоры Мұрат Қасенов, сондай-ақ география және табиғатты пайдалану факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.
Кеңес Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселқорғау» мемлекеттік мекемесінің Сел және табиғи апаттардың қаупін азайту орталығында ұйымдастырылды. Шараға ТЖМ басшылары, жетекші салалық мамандар, ғылыми-зерттеу және жобалық ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар ЮНЕСКО-ны қоса алғанда, халықаралық серіктестер қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты сел, қар көшкіні және көшкін қаупінен қорғау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ түрлі ведомстволар, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар арасындағы тәжірибе алмасу болды. ҚазҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алина Галеева таулы өңірлердегі табиғи қауіп-қатерлердің алдын алу және тәуекелдерді азайту ісіне ғылыми зерттеулерді енгізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге мемлекеттік құрылымдар мен академиялық орта арасындағы серіктестікті күшейтудің өзектілігі көтерілді.

Отырыста перспективалық жобаларды қарау жөніндегі хаттама бекітіліп, жедел іске асырылуы тиіс басым ғылыми-техникалық міндеттер айқындалды. Қатысушылар зияткерлік бақылау жүйелерін дамыту, мониторингті цифрландыру және халықаралық стандарттарды ұлттық тәжірибеге енгізу мәселелерін талқылады.
Кеңес жұмысы «Қазселқорғау» мекемесінің ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыруға және Қазақстан Республикасының табиғи төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар