Студенттер үйі мерекеге сай безендірілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің барлық студенттер үйіне Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай, ауқымды мерекелік безендіру жұмыстары жүргізілді. Бұл игі бастама университет жастарының елге деген сүйіспеншілігі мен патриоттық рухын айқын көрсетті.
Мерекелік безендіруді жасаған студенттер бұл жұмыстың шынайы ықылас пен зор жауапкершілікпен атқарылғанын атап өтті. Олар тәуелсіз еліміздің мәңгілік болуын тілеп, ҚазҰУ-дың белсенді жастары ретінде болашаққа нық қадам басу үшін аянбай білім алып, елдің жарқын ертеңі жолында адал еңбек етуге дайын екендіктерін жеткізді.

Бүгінгі ҚазҰУ жастары Тәуелсіздікке деген құрмет пен ризашылықты ерекше әсермен білдірді. Жас буын – қоғамның қозғаушы күші әрі ел болашағының сенімді тірегі екені белгілі. Осы тұрғыда студенттердің мерекелік шараға белсенді атсалысуы олардың азаматтық ұстанымы мен елжандылық қасиетін айқындай түсті.

Ұлттық нақыштағы көрнекіліктер, мемлекеттік рәміздер және патриоттық мазмұндағы безендіру элементтері студенттерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, елге деген мақтаныш сезімі мен бірлік рухын нығайтты.

Аталған шара жастардың отансүйгіштік сезімін арттырып, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең ұғындыруға бағытталған тағылымды бастама болды.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар