«Үздік маман – 2025» байқауының қорытындысы
Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай университет қызметкерлері арасында ұйымдастырылған «Үздік маман – 2025» байқауының қорытындысы дәстүрлі түрде шығарылды. Аталған байқау қызметкерлердің кәсіби шеберлігін, өз ісіне деген адалдығын және университеттің дамуына қосқан елеулі үлесін айқындауға бағытталды.
Салтанатты марапаттау рәсімінде байқау жеңімпаздарына дипломдар мен «Сулпак» дүкенінен 40 000 теңге көлеміндегі сертификаттар табысталды. Бұл марапаттар олардың табанды еңбегі мен жоғары жауапкершілігінің лайықты нәтижесі болды.
Іс-шараның мерекелік сәнін ART-орталығы студенттері дайындаған мазмұнды концерттік бағдарлама арттырды. Жастардың шығармашылыққа толы, әсерлі өнер көрсетулері көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Салтанатты жиын басталар алдында залда Шәмші Қалдаяқовтың әндері шырқалып, «Фараб» этно-ансамблінің орындауындағы қазақ күйлері әуелеп, ұлттық рух пен мәдени мұраның тереңдігін сезіндірді.
Аталған шара кәсіби жетістіктерді, өнер мен ұлттық құндылықтарды бір арнаға тоғыстырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымының бірлігі мен дамуға деген ұмтылысын айқын көрсетті.







Басқа жаңалықтар