ҚазҰУ-да шырша шамы жағылдыFarabi University

ҚазҰУ-да шырша шамы жағылды

18 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ректорат алаңында жаңажылдық шырша шамы жағылып, университет қалашығына мерекелік көңіл күй сыйлады. Салтанатты шараға студенттер жиналып, бір-бірімен қуанышын бөлісті.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында университет алаңы мен ғимараттар түрлі жарық шамдармен және әдемі әшекейлермен безендірілді. Жастар мен оқытушылар бір-бірін келе жатқан жылқы жылы мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Мерекелік бағдарлама аясында әндер мен билер орындалып, жастарға арналған ойын-сауықтар ұйымдастырылды.

Шырша шамын жағу рәсімі студенттер үшін бірлік пен қуаныш символына айналып, жаңа үміт пен жарқын болашаққа сенім сыйлады. Университет жастары бұл кештен ерекше әсер алып, алдағы жылы жаңа мақсаттарға қол жеткізуге сенім білдірді.

Аталған іс-шара студенттердің бос уақытын мазмұнды өткізуіне, сондай-ақ жаңажылдық мерекелік көңіл күйді сезінуіне мүмкіндік беретін дәстүрге айналған.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі