ҚазҰУ-да Рахман Алшановтың жаңа еңбегі таныстырылдыFarabi University

ҚазҰУ-да Рахман Алшановтың жаңа еңбегі таныстырылды

22 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да көрнекті ғалым, «Тұран» білім беру корпорациясының президенті Рахман Алшановтың «Зұлқарнайынның сақ жеріне жорығы. Шу хақанның тарихынан» атты ғылыми-көпшілік очеркінің тұсаукесері өтті. Ұлттық тарихтың терең қатпарларын зерделеген бұл еңбек ғылыми қауым мен көпшілік оқырманға арналған.

Шараның ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов университеттің отандық ғылымды дамытудағы, тарихи сананы жаңғыртудағы орнына тоқталып, жаңа еңбектің ғылыми айналым үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызы зор екенін атап өтті.

Тұсаукесер барысында бірқатар көрнекті ғалымдар құттықтау сөз сөйлеп, зерттеудің мазмұны мен мәніне ғылыми тұрғыдан баға берді. Жиында ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері Жанғара Дәдебаев, Қалқаман Жұмағұлов «Александр Македонский дүниежүзі тарихының ірі тұлғасы ретінде» тақырыбында ой қозғады. Сондай-ақ тарих ғылымының докторы, профессор Мадияр Елеуов, Фараби орталығының ғылыми жетекшісі, фарабитанушы Жақыпбек Алтаев өз пікірлерін білдірді.

Қатысушылардың пікірінше, ғалымның бұл зерттеуінде Зұлқарнайын (Ескендір) тұлғасына қатысты кең таралған аңыздармен қатар, сақ дүниесіне қатысты әртүрлі дереккөздер салыстыра талданған. Автор Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегіндегі Шу хақаны жөніндегі мәліметтерді, антикалық авторлар Клитарх пен Птолемейдің жазбаларын, сондай-ақ заманауи ғылыми тұжырымдарды сабақтастыра отырып, тарихи шындықтың жаңа қырларын ашуға ұмтылған. Еңбекте Шу хақанының тарихи бейнесі Тараз, Баласағұн, Арғу секілді көне қалалармен және Ұлы Жібек жолы кеңістігімен тығыз байланыста қарастырылып, сақ дәуіріндегі мемлекеттік ойлау жүйесіне терең талдау жасалған.

Шара аясында профессор Рахман Алшановтың еңбектері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми кітапханасына салтанатты түрде табысталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі