ҚазҰУ-да арбат ашылдыFarabi University

ҚазҰУ-да арбат ашылды

30 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттерге арналған жаңа арбат ашылды. Қалашық аумағында орналасқан бұл орын студенттер мен университет қызметкерлері үшін қолайлы әрі заманауи демалыс кеңістігі ретінде абаттандырылды.

Арбат аумағында кофехана, тегін Wi-Fi желісі, сондай-ақ демалуға арналған орындықтар мен ашық алаңдар қарастырылған. Мұнда студенттер сабақ арасындағы үзілісте немесе ұзақ оқу күнінен кейін ашық аспан астында тынығып, уақытын тиімді өткізе алады.

Арбатта орналасқан жаңа кофехана жылдам қызмет көрсету форматында жұмыс істейді. Студенттерге өзімен алып кетуге арналған ыстық және салқын кофе түрлері, шай, түрлі сусындар, тәттілер, жеңіл тағамдар мен тіскебасарлар ұсынылады. Бұл уақытты үнемдеп, тез қызмет алуға мүмкіндік беретін ыңғайлы шешім.

Аталған аумақ студенттердің күнделікті қозғалыс бағытына ыңғайлы жерде орналасқан. Жайлы атмосфера мен ашық кеңістік кампус өмірін жандандырып, жастардың бір-бірімен еркін қарым-қатынас орнатуына жағдай жасайды. Университет басшылығының айтуынша, мұндай бастамалар студенттердің көңіл күйіне оң әсер етіп, оқу орнындағы әлеуметтік ортаны дамыта түспек.

Айта кетейік, кофехана таңғы 09:00-ден кешкі 21:00-ге дейін жұмыс істейді.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі