Физика секілді күрделі әрі іргелі ғылым саласында ЖИ-дің қолданылуы зерттеу тәсілдерін түбегейлі өзгертіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Бұл үдеріс тек есептеу жылдамдығын арттырып қана қоймай, ғылыми ойлаудың жаңа деңгейін қалыптастыруға ықпал етеді.
Жасанды интеллектіні физикада қолданудың мүмкіндіктері мен артықшылықтары ғылымның жаңа даму кеңістігіне жол ашады. Яғни күрделі физикалық процестерді модельдеу қазіргі физика көпкомпонентті, бейсызық және тұрақсыз жүйелерді зерттеумен сипатталады. Мұндай жүйелерді дәстүрлі аналитикалық әдістермен сипаттау көбіне мүмкін емес. Жасанды интеллект, әсіресе машиналық оқыту алгоритмдері, диффузиялық, конвективтік және турбуленттік процестерді жоғары дәлдікпен модельдеуге мүмкіндік береді. Бұл зерттеу уақытын қысқартып, есептеу ресурстарын тиімді пайдалануға жағдай жасайды.
Эксперименттік деректерді талдаудың жаңа деңгейінде заманауи физикалық эксперименттер орасан зор көлемдегі деректерді тудырады. ЖИ осы деректерді автоматты түрде өңдеп, жасырын заңдылықтарды анықтауға қабілетті. Нәтижесінде зерттеуші тек мәлімет жинаумен шектелмей, алынған нәтижелерді терең түсіндіруге және ғылыми интерпретациялауға көбірек көңіл бөле алады.
Болжау және аномалиялық құбылыстарды анықтауда жасанды интеллектінің маңызды артықшылықтарының бірі – болжау мүмкіндігі. Физикалық жүйелердегі күтпеген, аномалиялық құбылыстарды алдын ала анықтау ғылыми жаңалықтарға бастайтын маңызды қадам болып табылады. ЖИ көмегімен газ қоспаларындағы аномалиялық тасымалдау, фазалық ауысулар немесе тұрақсыз режимдердің басталу шарттарын ерте кезеңде болжауға болады.
Білім беру мен ғылыми мәдениеттің жаңаруы физиканы оқытуда жасанды интеллектінің қолданылуы білім беру үдерісін интерактивті әрі нәтижелі етеді. Виртуалды зертханалар, интеллектуалды оқыту жүйелері студенттердің күрделі ұғымдарды терең түсінуіне жағдай жасайды. Бұл – болашақ физикасының басты бағыты, яғни болашақта ғылыми ойлауы дамыған, технологияға бейім мамандарды даярлауға негіз болады.
Жасанды интеллект – физиканың дәстүрлі әдістерін алмастыратын құрал емес, оларды толықтыратын қуатты серіктес. ЖИ-ді физикада тиімді пайдалану ғылымның сапалы дамуына, жаңа ашылымдарға және интеллектуалдық әлеуеттің артуына жол ашады.
Мәнсия ӘСЕМБАЕВА,
Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының доценті