Ұлттық құрылтай идеялары талқыландыFarabi University

Ұлттық құрылтай идеялары талқыланды

21 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу институтында Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайдың негізгі идеяларын талқылауға арналған ғылыми-практикалық семинар өтті.

«Құрылтайдағы Президенттің баяндамасы аясындағы ғылым мен білім: жаңа бағдарлар мен кәсіби стандарттар» тақырыбындағы семинар Мемлекет басшысы айқындаған мемлекеттік басымдықтар контексінде ғылыми және білім беру салаларын дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға бағытталды.

Іс-шараның офлайн және онлайн форматта өтуі қатысушылар ауқымын кеңейтіп, кәсіби тұрғыдағы кең көлемді пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Шараны модератор – Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры Меңдіғаным Шаймерденова ашып, семинардың қазіргі ғылыми үрдістерді талдауға және ғылыми қызметте жаңа тәсілдерді қалыптастыруға арналған маңызды алаң ретіндегі мәнін атап өтті.

ҚазҰУ-дың Орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының профессоры Нұрсұлу Шаймерденова «Жаңа мемлекеттік бағдарлар аясындағы түркологиялық зерттеулердің заманауи сын-қатерлері мен басымдықтары» тақырыбында баяндама жасап, кездесудің негізгі мақсаттарын айқындады. Ол Ұлттық құрылтай отырысында Президенттің сөйлеген сөзінің басты тұжырымдарын талдап, жалпы ғылымда, атап айтқанда Түркология және алтаистика ҒЗИ қызметінде іргелі және қолданбалы зерттеулердің басым бағыттарына тоқталды.

Баяндамашы 2026 жылдың айрықша маңызға ие екенін айтты. Бұл жыл мемлекеттік саясаттың жаңа бағдарларын айқындайтын V Ұлттық құрылтайдың өтуімен, сондай-ақ түркология ғылымы үшін тарихи кезең болған Бакудегі І түркологиялық конгрестің 100 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралармен тұспа-тұс келіп отыр.

Сондай-ақ жиынға қатысушылар Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу институтының алдында тұрған маңызды міндеттерді қарастырды. Атап айтқанда қолжазба қорымен жұмысты жандандыру, зерттеу жобаларын кеңейту, алдағы ғылыми іс-шараларға, соның ішінде Ұлы Алтай мәселесіне арналған форумға дайындық жүргізу қажеттігі атап өтілді.

Шара барысында профессор Меңдіғаным Шаймерденованың «Білім мен мәдениет арқылы ұлттық жаңғыру: азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудағы ғылыми интеллигенцияның рөлі» атты баяндамасында ұлттық бірегейліктің негізі ретіндегі білім, мәдениет және өнердің маңызы сөз болып, кафедра профессоры ретіндегі жұмыс тәжірибесі де таныстырылды.

Пікірталас барысында қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, ұсынылған бастамаларды талқылады. Құрылтайда белгіленген жаңа мемлекеттік бағдарларға сәйкес, институттың зерттеу және білім беру қызметін жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар қалыптастырылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі