Аккредиттеу саласындағы жаңа үрдістер талданды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Аккредиттеу: жаңа үрдістер мен көзқарастар» тақырыбында жиын өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының техникалық реттеу және аккредиттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру аясында ұйымдастырылды. Оған министрлік өкілдері, аккредиттеу, стандарттау және метрология саласындағы ұйымдардың басшылары, аккредиттеу субъектілерінің өкілдері және университет оқытушылары қатысты.
Кездесуді Қазақстан Республикасының сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов ашты. Вице-министр өз сөзінде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына кеңінен тоқталды. Ұлттық аккредиттеу жүйесін жетілдіру бағытында атқарылған жұмыстардың барысы жайлы айтып, алда күтілетін нәтижелер жөнінде ой бөлісті.

Ұлттық аккредиттеу орталығының бас директоры Искандер Хамитов кездесуге модераторлық жасап, саланың қазіргі ахуалы мен даму болашағына шолу жасады.

Сонымен қатар жиында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – ғылыми және инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов сөз сөйлеп, ғылыми және білім беру ұйымдарының заманауи сапалы инфрақұрылымды дамытудағы маңызын атап өтті.
«Тоқсан жылдық тарихы бар қара шаңырақ бүгінде стандарттау мен цифрландыру бағытында мыңдаған білікті маман даярлап шығарды. Университеттің жетекші ғылыми орталықтары мен зертханалары мемлекеттік органдармен тығыз әріптестікте нақты жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайынбыз. Бүгінгі кездесу кәсіби пікір алмасу алаңы ғана емес, еліміздің ұлттық сапа жүйесін нығайтуға бағытталған маңызды қадам», – деді проректор.

Бағдарламаның жеке бөлімі цифрландыру мәселелеріне арналды. Шара барысында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ұлттық аккредиттеу орталығы директорының орынбасары Арман Мәмбетаев, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Цифрлық трансформация және өнімді таңбалау департаменті директорының орынбасары Әсет Өтеғалиев және өзге да сала мамандары баяндама жасап, мол мағлұмат берді.

Сондай-ақ қатысушылар техникалық реттеудің ақпараттық жүйесін жетілдіру, құқық бұзушылықтың алдын алу құралы ретіндегі мемлекеттік бақылау, стандарттау призмасы арқылы көлік құралдары конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктерді беруді реттеуді жетілдіру, қашықтықтан бағалау құралын енгізу арқылы аккредиттеу субъектілерін адал тәжірибеге ынталандыру мәселелерін кеңінен талқылап, пікір алмасты.

Жиынды Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ұлттық аккредиттеу орталығы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесе ұйымдастырды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар