Азаматтық қоғамның саяси мәдениетінің дамуы сараланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Азаматтық қоғамның саяси мәдениетінің эволюциясы, трендтері мен перспективалары: қазақстандық және шетелдік тәжірибе» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды шараны университет ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті және Қазақстандық гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығымен бірлесе ұйымдастырды.
Шара көрнекті ғалым, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Есенжол Әлияровтың 70 жылдық мерейтойына арналды. Конференция жұмысы Қазақстанның 1980-2020 жылдар аралығындағы әлеуметтік-саяси трансформациясы, демократияландыру мәселелері, азаматтық қоғам институттарының дамуын және жаңа Қазақстан (әділетті Қазақстан) идеялары аясында «Әділетті мемлекет» тұжырымдамасының қалыптасуын жан-жақты талқылауға арналды.

Конференцияның салтанатты ашылуында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты оқылды. Хатта: «Қазақстандық гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті ретінде Есенжол Қаниұлы саяси зерттеушілер қауымдастығында отандық гуманитарлық ғылымның институционалдық дамуына, ғылыми сараптама мәдениетін қалыптастыруға және азаматтық қоғам институттарын нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Профессор Е.Әлияровтың қазақ тілінің қоғамдық және ғылыми айналымдағы мәртебесін арттырудағы еңбегі, оның шығармашылық және ғылыми-танымдық белсенділігі жас ғалымдар үшін үлгі боларлық», – деп атап өтілген.

Мерейтой иесінің еңбегін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев та өз сөзінде жоғары бағалап, Есенжол Қаниұлына көпжылдық жемісті еңбегі мен саяси ғылымды, жоғары білімді және Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойды дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғысын білдіріп, ғалымға Әл-Фараби атындағы алтын медаль табыс етті. «Сіздің өмірлік және кәсіби жолыңыз ғылымға, мемлекетке және қоғамға адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Сіз өзіңізді жоғары білікті маман, дарынды ұйымдастырушы, қадірлі ұстаз әрі беделді қоғам қайраткері ретінде таныттыңыз», – деп атап өтті университет басшысы.

Конференция жұмысына Грузия, Ресей, Тәжікстан және Түркия елдерінен келген жетекші отандық және шетелдік ғалымдар қатысты. Қатысушылар тарихи-саяси талдаудан бастап, цифрландырудың саяси қатысу формаларына ықпалына дейінгі кең ауқымды мәселелерді талқылады. Секциялық отырыстар барысында құндылықтық бағдарлардың трансформациясы, мәдениеттегі ислам құқығының рөлі, зайырлылық пен әлеуметтік әділеттілік қағидаттары кеңінен қарастырылды.


Шара аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының магистратура түлектеріне диплом табыстау салтанатты рәсімі өтті.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар