Шетелдік студенттерге экскурсия ұйымдастырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шетелдік студенттер үшін Алматы қаласы Орталық мемлекеттік музейіне экскурсиялар өткізілді. Шараны Интернационалдандыру және рекрутинг департаменті шетелдік жастарды әлеуметтік-мәдени ортаға бейімдеу мақсатында ұйымдастырды.
Өзге мемлекеттен келген білім алушы жастар Қазақстанның бай тарихымен, мәдени мұрасымен, ұлттық дәстүрлерімен және мемлекеттің даму кезеңдерімен жан-жақты танысты.
Аталған шараларға 450-ден астам шетелдік студент қатысты. Олардың қатарында Ауғанстан, Бангладеш, Пәкістан, Үндістан, Йемен, Қытай, Араб елдері және басқа да мемлекеттерден келген жастар бар.
Жастар өз кезегінде экскурсияны жоғары деңгейде бағалап, университет басшылығына және ұйымдастырушыларға тағылымды шара үшін алғыс білдірді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алдағы уақытта да шетелдік студенттер үшін қолайлы, достық және қолдаушы орта қалыптастыруға, сондай-ақ олардың Қазақстандағы оқу үдерісі мен күнделікті өмірге бейімделуіне бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар