Зерттеушілерді даярлау сапасы артады
Әл‑Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми‑инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов оқу ордасындағы ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің ұжымымен кездесті. Басқосуда университеттің академиялық беделін, халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерді одан ары нығайту және факультеттің ғылыми әлеуетін арттыру бағытындағы мәселелер кеңінен қаралды.
Марғұлан Ибраимов алдымен ғылым мен технологияның қарқынды дамып отырған қазіргі кезеңде ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектінің рөліне назар аударды. Қазақстан Республикасының Президенті 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанына байланысты осы өзекті бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Ғылымның өркендеуі сапалы зерттеушілерді даярлау мен озық зерттеу бағыттарына басымдық беру арқылы жүзеге асатынын жеткізді.

Сонымен қатар проректор әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттеріне айрықша талаптар қойылатынын еске салды. Марғұлан Қасенұлының айтуынша, зерттеу университеті ретінде университеттер ғылыми еңбектерді халықаралық серіктестік пен ғылыми коллаборация арқылы жариялаумен шектелмей, идеядан өнімге дейінгі жүйені дамытуы тиіс.

Бұл бизнестегі стартап жобаларды қаржыландыру, технологияларды коммерцияға шығару және индустриямен бірге жұмыс істей отырып, жаңа шешімдер ұсыну талаптарын қамтиды. Сондай-ақ Хирш индексі жоғары шетелдік ғалымдармен бірлескен жобалар жүргізу, халықаралық беделді журналдарда бірлесіп мақала жариялау және ғылыми коллаборацияны күшейту университеттің алдағы жұмысында басым бағыт болатынын алға тартты.

Кездесу барысында Стратегиялық даму орталығының директоры Жандос Байжұма сөз алып, университеттің QS халықаралық рейтингіндегі ілгерілеуі, бүгінгі көрсеткіштері мен мүмкіндіктері туралы баяндады. Ол Әл‑Фараби атындағы ҚазҰУ‑дың әлем университеттері арасында беделді QS World University Rankings бойынша 166‑орынға ие екенін атап өтіп, бұл Қазақстан университеттері арасында жоғары көрсеткіш екенін және осы бағыттағы көрсеткіштерді арттыру жолдарын ұсынды.

Сондай-ақ жиында магистратура мен докторантураға қойылатын талаптарды күшейту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және ғылыми зерттеулерді өндірістік тәжірибемен байланыстыру және өзге де маңызды мәселелер талқыланып, оқытушы-ғалымдар өз ойларын ортаға салды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар