«Фудженг» білім беру компанияcымен келісім орнайдыFarabi University

 «Фудженг» білім беру компанияcымен келісім орнайды

29 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қытайдағы «Фудженг» халықаралық білім беру компаниясының негізін қалаушы Цзен Цзяньдонмен келіссөз жүргізді.   

 

Жүздесуде оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың Қытай университеттерімен және ғылыми орталықтарымен жасалған келісімдер туралы ақпарат берді. Өз сөзінде ректор ҚазҰУ ғалымдары қытайлық зерттеушілермен бірге ғылыми инновациялық жобаларды жүзеге асырып жатқанын, сондай-ақ қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламалары іске қосылғанын айтты.

Өз кезегінде құрметті қонақ Цзен Цзяньдон «Фудженг» халықаралық білім беру компаниясының қызмет бағытымен таныстырып, ұйымның басты мақсатына тоқталды. Оның айтуынша, компания Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және университеттер арасындағы академиялық байланысты кеңейтуге ерекше көңіл бөледі.

«Фудженг» халықаралық білім беру компаниясы Қазақстан мен Қытайдың жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік қарым-қатынасты дамытуға айрықша үлес қосып келеді. Біздің негізгі мақсат –  екі ел университеттері арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру. Осы бағытта компания ҚазҰУ-мен серіктестік орнатып, бірлескен жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға мүдделі», – деді Цзен Цзяньдон.

Келіссөз нәтижесінде тараптар кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша арнайы жұмыс тобын құруға келісіп,  алдағы уақытта білім беру және ғылым саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі