Президент қатысуымен Пәкістанда Әл-Фараби орталығы ашылдыFarabi University

Президент қатысуымен Пәкістанда Әл-Фараби орталығы ашылды

4 ақпан, 2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев пен Пәкістан Премьер-министрі  Шахбаз Шарифтың қатысуымен Исламабад қаласындағы Каид-и Азам университетінде Әл-Фараби орталығы ашылды.

Әл-Фараби орталығы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Каид-и-Азам» университеті арасындағы ынтымақтастық шеңберінде іске қосылып отыр. Ғимарат оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен, сонымен бірге заманауи компьютерлік құрал-жабдықтармен, жиһазбен қамтылған. Орталық базасында қазақ тілі курстары ұйымдастырылмақ.

Ашылу рәсіміне ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Пәкістанның білім беру және кәсіптік даярлау министрі Халид Мабул Сиддики, Каид-и Азам университетінің ректоры, профессор Ниаз Ахмед, ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қатысты.

Іс-шара барысында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Әл-Фараби орталығының ашылуы Қазақстанның ғылыми-білім беру кеңістігін халықаралық деңгейде ілгерілетудегі маңызды қадам екенін атап өтті.

«Әл-Фараби – Шығыс пен Батыс өркениетін жалғаған ұлы ойшыл. Оның есімімен аталатын орталық Қазақстанның зияткерлік әлеуетін әлемге танытып қана қоймай, қос халық арасындағы мәдени және академиялық диалогты нығайтады. Біз қазақ тілін, отандық ғылымды және қазақ мәдениетін халықаралық академиялық ортада жүйелі түрде дәріптеуге мүдделіміз», – деді министр.

Пәкістанның білім беру және кәсіптік даярлау министрі Халид Мабул Сиддики  Қазақстан мен Пәкістан арасындағы жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастығын жоғары бағалап, алдағы уақытта серіктестік жаңа бағытта дамитынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев ашылып отырған Әл-Фараби орталығы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтың нақты нәтижесі екенін айтты. «1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде құрылған Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы отыз жылдан астам уақыт бойы фарабитану ғылымын дамытуға, қазақ және шығыс философиясын әлемге танытуға елеулі үлес қосып келеді. Бұл игі дәстүр бүгін достас Пәкістан елінде жалғасын табуда. ҚазҰУ орталықтың материалдық-техникалық базасын толық жасақтап, оқу және ғылыми аудиторияларды, компьютерлік және кеңсе бөлмелерін жабдықтады», – деді Жансейіт Түймебаев.

Ашылу салтанатында профессор Ниаз Ахмед орталықтың тиімді жұмыс істеуі үшін Каид-и Азам университеті тарапынан барлық қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Аталған орталық Қазақстанның рухани-мәдени құндылықтарын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға, қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту мен оның танымалдығын арттыруға басымдық береді. Орталықта шетел азаматтары үшін арнайы қазақ тілін үйрететін курстар ұйымдастырылып, Қазақстанның мәдени мұрасын зерделеуге бағытталған мәдени-білім беру іс-шаралары, семинарлар мен ғылыми конференциялар өткізіледі.  Бұған қосымша, орталық серіктес елдердің жетекші білім беру және ғылыми ұйымдарымен әріптестік байланысты нығайту бағытында жұмыс істейді.

 

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі