«Заңды құрметтеу - әр адамның азаматтық міндеті» атты кездесу
2026 жылғы 2 ақпанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Студенттер қалашығы мамандарының ұйымдастыруымен №1 Студенттер үйінде «Заңды құрметтеу – әр адамның азаматтық міндеті» атты тәрбиелік бағыттағы кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндіру және азаматтық жауапкершілікті арттыру болды.
Кездесуге Бостандық аудандық полиция басқармасының инспекторы Сейдуллаев У.Н. қатысып, жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтар, олардың салдары және заң алдындағы жауапкершілік туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар, спикер құқықтық сауаттылықтың қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөліне тоқталып, студенттерді заңды құрметтеуге және құқықтық нормаларды қатаң сақтауға шақырды.
Іс-шара барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты өмірлік жағдайларға байланысты пайдалы ақпарат алды. Кездесу мазмұнды әрі тәрбиелік мәні жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға құқықтық білім мен азаматтық сананы нығайтуға үлкен ықпал етті.

