Медицина ғылымы жаңа бағытта дамытыладыFarabi University

Медицина ғылымы жаңа бағытта дамытылады

4 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  медицина және денсаулық сақтау факультетінде ғылыми инфрақұрылымды дамытуға арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.

Жиынға факультет оқытушылары, ғалымдар мен докторанттар қатысты.  Кездесуде факультет деканы Сүндетғали Қалмаханов ғылым және білім беру бағдарламалары бойынша факультеттің негізгі жетістіктеріне тоқталды.

Медицина және денсаулық сақтау факультеті 2015 жылы ресми түрде ашылған. Алғашында үш кафедра негізінде жұмысын бастаған факультет бүгінде 10 кафедраны біріктіріп, тұрақты даму үстінде. Қазіргі таңда факультетте 4000-ға жуық студент білім алады. Халықаралық журналдарда ғылыми мақалалар жариялау көрсеткіші бойынша медицина және денсаулық сақтау факультетінің оқытушылары алдыңғы қатарда.

Дөңгелек үстел барысында Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры Қуаныш Тастамбек сөз сөйлеп, ғылыми инфрақұрылымды нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Ол ғылыми зертханаларды жаңғырту, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, жас ғалымдарды қолдау және инновациялық жобаларды іске асыру мәселелерін көтерді. Сондай-ақ университет деңгейінде ғылымды коммерцияландыру, пәнаралық зерттеулерді дамыту және халықаралық гранттық жобаларға қатысуды арттыру бағыттары сөз болды.

Жиын соңында қатысушылар ұсыныстарын ортаға салып, факультеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын одан әрі дамытуға қатысты пікір алмасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі