Чжанцзяцзе колледжімен серіктестік орнайдыFarabi University

Чжанцзяцзе колледжімен серіктестік орнайды

5 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ресми сапармен Чжанцзяцзе колледжінің делегациясы келді. Кездесу барысында ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева мен қытайлық делегация өкілдері академиялық алмасуды кеңейту, білім беру, туризм және мәдениетаралық диалог салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесуде проректор ҚазҰУ-дың Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен белсенді серіктестік орнатқанын атап өтті. «Бүгінде университетіміз серіктестік географиясын белсенді түрде кеңейтуде. Қытайлық әріптестермен ынтымақтастық озық тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бірлескен білім беру және ғылыми жобалар қазірдің өзінде нәтижесін беріп отыр. Біз білім беру саласындағы серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделіміз және келешегі зор бастамаларға ашықпыз», – деді Алина Күлбайқызы.

Делегация жетекшісі, Чжанцзяцзе колледжінің ректоры Цзян Дэбин оқу орны туралы бейнеролик ұсынып, колледждің негізгі жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, оқу орнында бүгінде тоғыз факультетте 52 мамандық бойынша 23 мың студент білім алуда. Ең сұранысқа ие бағыттар – медицина, ақпараттық технологиялар және туризм. Сондай-ақ колледж құрамындағы филармонияда Ресей, Өзбекстан, Украина және Қазақстаннан келген 35 шетелдік музыкант еңбек ететіні айтылды.

Сөз соңында колледж басшысы ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді. Оның айтуынша, ҚазҰУ Қытайда үлкен беделге ие. «Қазақстанның жетекші университетімен әріптестік орнату  біз үшін зор мәртебе. Туризм және мәдениетаралық өзара іс-қимыл саласындағы бірлескен жұмыс магистранттар мен докторанттарды даярлауда берік негіз болады деп сенемін», – деді мәртебелі қонақ.

Кездесу соңында тараптар академиялық алмасу, ынтымақтастықты дамыту және бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Қонақтар үшін университет кампусы, география және табиғатты пайдалану факультеті мен факультет базасындағы ғылыми зертханаларға экскурсия ұйымдастырылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі