Бас редакторлар клубы Жаңа Конституция жобасын талдадыFarabi University

Бас редакторлар клубы Жаңа Конституция жобасын талдады

9 ақпан, 2026

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған Бас редакторлар клубының кезекті отырысы өтті.

«Конституциялық реформа – 2026: сөз бостандығы, ақпарат үшін жауапкершілік және жеке деректерді қорғау» тақырыбындағы дөңгелек үстел онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылды.

Астанада өткен жиынға Алматы қаласындағы бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары онлайн байланыс арқылы қосылды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбайдың жетекшілігімен өткен іс-шараға республикалық басылымдар мен сайттардың редакторлары, белгілі журналистер, ақпарат саласының сарапшылары және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің оқытушылары қатысты.

Жиынды сенатор Бибігүл Жексенбай ашып, конституциялық реформаның ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталды. Ол жаңа Конституция жобасында сөз бостандығын қамтамасыз ету, ақпарат таратудағы жауапкершілік пен жеке деректерді қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Сонымен қатар медиа өкілдерінің бұл процестегі рөлі мен қоғамдық пікір қалыптастырудағы жауапкершілігі маңызды екенін айтты.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар конституциялық реформаның негізгі бағыттарын, БАҚ қызметін құқықтық реттеу тетіктерін, журналистердің кәсіби еркіндігі мен этикалық жауапкершілігін талқылады. Ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық кеңістікте жеке деректерді қорғау және жалған ақпаратпен күрес мәселелері де кеңінен сөз болды.

Кездесу қорытындысында сарапшылар мен медиа өкілдері жаңа Конституция жобасына қатысты өз ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасу алаңының маңыздылығын атап өтті. Қатысушылар мұндай кездесулердің қоғам мен билік арасындағы ашық диалогты дамытуға және ақпарат саласындағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететінін жеткізді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі