Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні құтты болсын!
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалым ханымдары!
Сіздерді Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Әйелдер қауымы еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосуда. Әйелдер әр салада – қоғамдық‑саяси бағытта, соның ішінде ғылымда, білім беру мен зерттеулерде де табысты еңбек етіп, елдің әлеуетін күшейтуде», – деп атап өткен болатын.
Қазіргі уақытта елімізде жаңа Конституция жобасы талқылануда. Ата заңның жаңа нұсқасында әйелдердің құқықтары нақтыланып, гендерлік теңдік мәселесі жан-жақты қарастырылған.
Жаңа Конституция жобасында некедегі және отбасылық қатынастардағы әйел мен ер адамның тең құқығы нақты көрсетілген. Ана мен баланы әлеуметтік қорғау, отбасы институты мен әйелдердің зайырлы қоғамдағы орнын нығайту нормалары күшейтіліп, білім алу, денсаулық сақтау жүйесіне тең қолжетімділік және жеке деректердің қорғалуы қамтамасыз етілді.
Бұл өзгерістер әділетті қоғам құрудағы әйелдердің рөлін арттыруға бағытталған.
Бүгінде Қазақстандағы әйел зерттеушілердің үлесі 50 пайыздан асады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еңбек етіп жүрген қызметкерлердің 65 пайызы – әйелдер.
Университетте әйел ғалымдардың ғылыммен айналысуына барлық қолайлы жағдай жасалған. Жалпы саны 1724 әйел қызметкер университеттің тұрақты дамуына атсалысып келеді.
Бүгінде университетте әйел ғалымдар арасында 347 ғылым докторы, 572 ғылым кандидаты, 1 ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі қызмет атқарады.
Сонымен қатар гранттық қаржыландыру, мақсатты қаржыландыру, «Жас ғалым» және жас ғалымдарға арналған бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан 146 ғылыми жобаның жетекшілері – әйел ғалымдар. Бұл университеттегі әйелдердің ғылыми көшбасшылық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Әйелдер қауымы Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда ерекше орын алады. Ғалым қыз-келіншектер ғылыми-инновациялық жобаларға белсенді араласып, университеттік ғылымды жетілдіруге елеулі үлес қосуда.
Отбасы мен ғылымдағы ізденістерін қатар алып жүретін әйел ғалымдарымыз алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жететініне сенімдімін.
Университетіміздің ғалым ханымдарына мықты денсаулық, отбасыларына құт-береке тілеймін.
Құрметпен
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ
Басқа жаңалықтар