ҚазҰУ оқытушысы халықаралық сыйлықтың финалдық бестігіне енді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының оқытушысы Жазира Супиева JoVE Education & Research Innovation Awards 2025 халықаралық сыйлығының Educator Innovation Award номинациясы бойынша финалдық бестікке енді. Финалистер қатарында АҚШ, Малайзия және Чили елдерінің өкілдері бар.
JoVE (Journal of Visualized Experiments) – ғылыми зерттеулердің қайталанымдылығын арттыруға және білім беру сапасын жетілдіруге арналған бейнеформаттағы оқу контентін ұсынатын халықаралық ғылыми-білім беру платформасы. ҚазҰУ 2023 жылдан бері JoVE-пен ынтымақтастық орнатып, оқу үдерісіне инновациялық әдістерді енгізу мен заманауи цифрлық ресурстарды кеңінен қолдану бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Educator Innovation Award номинациясы білім беру үдерісін жаңғыртуға елеулі үлес қосып, озық педагогикалық тәжірибені табысты жүзеге асырып жүрген оқытушыларды қолдауға бағытталған. 2025 жылғы байқауға әлемнің әртүрлі елдерінен 1000-ға жуық өтінім түсті. Қатысушылардың жұмыстары оқу процесін жетілдіру, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану және білім сапасын арттыру көрсеткіштері бойынша бағаланды.
Жазира Супиеваның финалға шығуы – оның кәсіби шеберлігі мен білім беру саласындағы инновацияларды жүйелі түрде енгізіп отырғанының дәлелі. Бұл жетістік ҚазҰУ-дың академиялық және ғылыми әлеуетінің жоғары деңгейін әрі университеттің халықаралық білім беру кеңістігіндегі беделін көрсетеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар