Иранның дүниежүзілік мұралары таныстырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 17-ші мақсаты – «Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік» аясында «Иранның дүниежүзілік мұралары» атты мәдени іс-шара өтті.
Алматыдағы Иран Ислам Республикасы Бас консулдығы жанындағы мәдени өкілдіктің қолдауымен өткен шараны ҚазҰУ шығыстану факультеті және Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия кафедрасы бірлесіп ұйымдастырды.
Шараға дипломатиялық корпус өкілдері, белгілі ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Бағдарлама аясында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген Иранның бірегей нысандарына арналған фотокөрме ұсынылды.

Экспозиция Персеполис, Шуштардағы тарихи гидротехникалық жүйе, персид бақтары мен көне керуен-сарайларды қамтып, иран сәулеті мен мәдениетінің даму кезеңдерін көрсетті. Көрме қазақстандық зиялы қауым мен студент жастарға халықаралық деңгейде мойындалған Иран мәдениетімен танысуға бірегей мүмкіндік берді.

Кездесуді ҚазҰУ шығыстану факультетінің деканы Мырзахан Егембердиев жүргізді.
Алматыдағы Иран Ислам Республикасының бас консулы Суна Ахмади ханым құттықтау сөз сөйлеп, Иран мәдениетінің әлемдік өркениеттегі рөлін атап өтті. Ол академиялық ынтымақтастықтың маңыздылығын, сондай-ақ Иран мәдениетін насихаттауға бағытталған бастамаларды қолдағаны үшін университетке алғыс білдірді.

Бас консулдықтың мәдениет жөніндегі атташесі Хоссейн Ағазаде өз сөзінде мәдени мұраны сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызды екенін атап өтті.
Іс-шараның негізгі бөлігі ирандық «Daroug» музыкалық ансамблінің концерті болды. Ұжым дәстүрлі Иран музыкасын орындап, тарихи және көркемдік дәстүрлердің сабақтастығын көрсетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар