Салааралық технологиялық компетенциялар орталығы құрылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс төрағалық еткен жиналыс өтті. Күн тәртібінің басты тақырыбы – Салааралық технологиялық компетенциялар орталығының (СТКО) жобасын іске асыру және елдің жетекші университеті базасында R&D орталықтар альянсын құру механизмдерін талқылау.
Жиынға министрлік өкілдері, университет басшылығы, өндірістік сектор сарапшылары және салааралық қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Модератор ретінде ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры – Басқарма мүшесі Марғұлан Ибраимов сөз сөйледі.

Ол шараны ашып, 2 ақпанда ҚР энергетика министрі Ерлан Аккенжановпен өткен кездесуде Қазақстанның отын-энергетика кешені үшін Салааралық технологиялық компетенциялар орталығын құру концепциясы мақұлданғанын хабарлады.
«Ұсынылған СТКО жұмыс моделі университеттердің зерттеу әлеуетін, бизнес мүмкіндіктерін және мемлекеттік басымдықтарды біріктіретін біртұтас технологиялық экожүйені қалыптастыруға бағытталған. Орталық энергетика саласындағы инвестициялық жобаларды талдау, қалыптастыру және сүйемелдеу үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолданатын болады. Сонымен қатар технологияларды трансферттеуді қамтамасыз ету және жаңа буын инженерлік кадрларды даярлау да негізгі міндеттер қатарында», – деді проректор. Ол университеттің бұл бастаманы толық ғылыми-аналитикалық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

ҚР энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс стратегиялық мақсат СТКО базасында барлық отын-энергетикалық кешен (ОЭК) салаларын дамытуға арналған R&D орталықтар альянсын құру екенін атап өтті. Бұл альянс цифрландыру, автоматтандыру, инновациялық шешімдерді енгізу және саладағы технологиялық егемендікті қамтамасыз етуді көздейді.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ таңдалғаны кездейсоқ емес. Университеттің зерттеу мәртебесі, ғылыми-инновациялық базасы, оның ішінде бірегей «Суперкомпьютер» есептеу кластері ескерілді», – деді вице-министр. Альянс жобасы дәстүрлі генерация мен электр желілерінен бастап, таза энергия, көмірді терең өңдеу және киберқауіпсіздікке дейінгі 10 маңызды бағытты қамтитын болады.

Жиында Салааралық компетенциялар орталықтары мен кадрлық әлеуетті дамыту комитетінің сарапшысы Динара Бегалы, «Еділ-Орал» ЖШС өкілі Серік Аманғалиев және «CSAI Group» ЖШС техникалық директоры Артем Коваль сөз сөйледі.

Талқылау барысында сарапшылар ОЭК мамандары мен жаңа буын кадрларын даярлаудың, кәсіби стандарттар мен цифрлық трансформация қажеттіліктерін ескере отырып оқытудың маңызды екенін тілге типек етті. Сондай-ақ докторанттардың зерттеу тақырыптары кәсіпорындардың нақты технологиялық міндеттерімен тығыз байланысты болады деп жоспарлануда.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар