ҚазҰУ ғалымдары алдағы референдум бойынша пікір алыстыFarabi University

ҚазҰУ ғалымдары алдағы референдум бойынша пікір алысты

13 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум: Қазақстан Республикасы халқының шешім қабылдауының демократиялық нысаны» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдумның күні – 15 наурызға белгіленді.

Осыған орай ұйымдастырылған дөңгелек үстел жұмысына жетекші заңгер-ғалымдар, тәжірибелі адвокаттар, конституциялық құқық саласының сарапшылары, оқытушылар, студенттер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымының докторы Алуа Ибраева референдум әрбір азаматтың ел болашағына тікелей ықпал ету мүмкіндігі екенін атап өтті. «Бұл күні әр азаматтың дауысы ерекше мәнге ие болады. Конституциялық комиссия ауқымды жұмыс атқарды: 10 мыңнан астам қазақстандық жаңа Конституция жобасына қатысты өз ұсыныстарын жолдады. Жобаны әзірлеуге ҚазҰУ-дың жетекші ғалымдары, соның ішінде университет ректоры Жансейіт Түймебаев пен проректор, профессор Еркін Дүйсенов белсенді қатысып, олардың ұсыныстары құжатта көрініс тапты», – деді А.Ибраева.

Айта кетерлігі, профессор Алуа Ибраева Парламенттік реформа жөніндегі комиссия жұмысына қатысқан. Жиын барысында спикер референдумның елдің саяси дамуы мен конституциялық жаңаруындағы маңызына назар салып, ғылыми қауымдастық үшін Ата заңда адами капиталды, білім мен ғылымды, инновацияны дамытудың стратегиялық бағыт ретінде айқындалуы ерекше мәнге ие екенін айтты.

Пікірлесу барысында конституциялық реформалардың легитимдігі, ұсынылған өзгерістердің қоғамдық қолдауы және халық билігі қағидаттарын нығайту мәселелері талқыланды.

Заң факультетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымының докторы, профессор Гүлдана Қуаналиева жаңа Конституция жобасында қарастырылған Халық кеңесі институтына тоқталды. Оның айтуынша, бұл институт мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты күшейтуге, қабылданатын шешімдердің легитимдігін арттыруға және азаматтық қоғамның заң шығару үдерісіне жүйелі қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қатысушылар сондай-ақ Конституция жобасының азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, мемлекеттің зайырлы сипатына, меншік иелерінің жауапкершілігіне, әлеуметтік қорғауға, сондай-ақ жеке және банктік деректердің қорғалуына қатысты негізгі ережелерін талқылады.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар алдағы референдумды елдің саяси дамуы мен конституциялық жаңғыруының маңызды кезеңі ретінде бағалады. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі