Интеллектуалдық тарихқа арналған қысқы онлайн-мектеп өттіFarabi University

Интеллектуалдық тарихқа арналған қысқы онлайн-мектеп өтті

16 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазіргі Орталық және Оңтүстік Азиядағы интеллектуалдық тарих» атты қысқы онлайн-мектеп өтті. Оны ҚазҰУ-дың Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ұйымдастырды.

Шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары аясында сапалы білім мен серіктестік құруға бағытталған (SDG 4 және SDG 17) жобалардың бірі болып табылады. Бұл іс-шара 2025 жылы жасалған ҚазҰУ мен Исламабадтағы Заманауи тілдер ұлттық университеті (NUML) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында өткізіліп отыр.

Онлайн-мектептің мақсаты – Қазақстан мен Пәкістандағы интеллектуалдық тарихты, негізгі идеялар мен әдеби-фольклорлық дәстүрлерді, ой-пікір эволюциясын, сонымен қатар тарихнама практикаларын зерттеу. Қатысушылар тарихи және әдеби деректерді талдаудағы философиялық тәсілдер мен заманауи әдістерді қарастырды, сонымен бірге «үшінші кеңістік» және номадология сияқты концептуалды модельдерді зерттеп, мәдени өзара әрекеттесу мен трансшекаралық байланыстарды талдауға мүмкіндік алды.

Сабақ барысында пуштундардың интеллектуалдық дәстүрлері, олардың әдеби, діни және фольклорлық мұрасы, урду тіліндегі заманауи поэзиядағы әлеуметтік және философиялық идеялар, сонымен қатар кеңестік зерттеулердің Орталық Азиядағы ғылыми және геосаяси дискурсты қалыптастырудағы рөлі қаралды. Сонымен бірге әдебиеттің мәдени өзін-өзі тану процесіндегі маңызы талқыланды. Оған 40 магистрант, докторант және жас оқытушы қатысты. Қатысушылар тек лекция тыңдап қана қоймай, сонымен қатар дәрістер барысында пікір алмасып, сұрақтарын қойды.

Қысқы мектеп барысында ҚазҰУ профессоры Г.Нәдірова (интеллектуалдық тарихты зерттеу әдістері бойынша), ҚазҰУ ғылыми зерттеушісі Л.Ерекешева («үшінші кеңістік» және номадология концепциясы бойынша), Пешавар университетінің профессоры Шабир Ахмад Хан (пуштундардың интеллектуалдық тарихы туралы), ҚазҰУ докторанты Н.Жарбосынова (пуштундардың интеллектуалдық тарихын зерттеу бойынша); Х.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері А.Мұратбекова  (Орталық Азиядағы кеңестік зерттеулердің әсері туралы), сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістанның тағы басқа жетекші ғалымдары лекциялар өткізді.

Қатысушылардың айтуынша, онлайн-мектеп халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, академиялық диалогты кеңейтуге және жас зерттеушілердің кәсіби дамуына үлкен мүмкіндік берді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі