Адам құндылықтарына негізделген конституциялық даму моделі талдандыFarabi University

Адам құндылықтарына негізделген конституциялық даму моделі талданды

16 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да еліміздің жаңа Конституциясы жобасы бойынша академиялық тыңдаулар аясында «Мемлекеттен  – қоғамға: Қазақстанның конституциялық дамуының адамға бағдарланған моделі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға Конституциялық реформа жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері, қоғамдық-саяси сарапшылар  және университеттің саясаттанушы, әлеуметтанушы, заңгер ғалымдары қатысты.  

ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов жиынды ашып, конституциялық жаңғыру үдерісі елдің саяси-құқықтық жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын атап өтті. «Қолданыстағы Конституцияны іске асыру барысында бірқатар жүйелі мәселелер анықталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында да конституциялық нормаларды жетілдіру қажеттігін атап өткен болатын. Осыған байланысты Конституциялық комиссия ұсыныстарды жан-жақты зерделеп, ауқымды әрі мұқият жұмыс жүргізді», – деді Еркін Ерманұлы.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның және Ұлттық құрылтай мүшесі, әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова өз сөзінде реформалардың қоғамдық сұранысқа негізделгенін айтты. Оның айтуынша, реформалардың түпкі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтіп қана қою емес, олардың қоғамдық-саяси өмірге қатысу мүмкіндігін нақты тетіктер арқылы күшейту. «Құқық пен еркіндік әрдайым жауапкершілікпен қатар жүреді. Конституция адамды мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындай отырып, әр азаматтың ел дамуына ортақ жауапкершілігін де бекітеді. Әділетті қоғам тек құқықтық нормалар арқылы емес, азаматтардың саналы ұстанымы арқылы қалыптасады», – деп қорытындылады сарапшы.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, саясаттанушы Марат Шибутов саяси трансформацияның маңызы мен институционалдық қырларына тоқталды.

Сонымен қатар жиында Ұлттық құрылтай мүшесі Андрей Чеботарев, ҚазҰУ-дың заң факультетінің профессоры Алуа Ибраева, Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті Есенжол Алияров және өзге де қатысушылар сөз сөйлеп, конституциялық реформалардың құқықтық, саяси және әлеуметтік аспектілері, азаматтық қоғам институттарының рөлі және қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіру мәселелері жөнінде пікір білдірді. 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі