«Су дипломатиясы» магистрлік бағдарламасы енгізілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов пен Орталық Азиядағы Су ресурстарын басқару халықаралық институты (IWMI) делегациясы арасында ұлттық консультациялық кездесу өтті. Тараптар «Су дипломатиясы» жаңа пәнаралық магистрлік бағдарламасын институционалдық және құқықтық қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Жүздесуге Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ректоры Кәмшат Түсіпова, IWMI-дің Орталық Азиядағы өңірлік өкілі Барбара Януш-Павлетта және су дипломатиясы жобасының сарапшылары қатысты.
Проректор Марғұлан Ибраимов қонақтарды қарсы ала отырып, су ресурстарын басқару саласында кадрлар даярлаудың стратегиялық маңызын және бастаманың Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың One Water саммитінде айтқан инициативаларымен үндестігін атап өтті. Проректор ҚазҰУ бұл бағыттағы білім беру инновацияларын белсенді түрде енгізіп жатқанын жеткізді. Атап айтқанда университеттің география және табиғатты пайдалану факультеті Метеорология және гидрология кафедрасы әзірлеген екі жылдық «Су дипломатиясы» магистрлік бағдарламасына қабылдау басталған. Бағдарлама пәнаралық сипатқа ие және гидрология, халықаралық қатынастар және құқық салаларын біріктіреді. Оқу процесі су ресурстары мен экология мәселелерін терең түсінуге және су пайдалану саласындағы келіссөз жүргізу механизмдерін меңгеруге бағытталған.

Сонымен қатар проректор университеттің Erasmus+ жобасы аясында Швеция (Уппсальский университеті) және Венгрия университеттерімен, сондай-ақ Орталық Азияның жетекші ғылыми орталықтарымен бірлесіп жұмыс істейтінін атап өтті.
Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ректоры Кәмшат Түсіпова өз сөзінде профильдік университеттер мен халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктірудің тиімділігі туралы айтты. Ол бірлескен жұмыс арқылы трансшекаралық су пайдалану мәселелерін оң шешуге қабілетті бірегей мамандар тобының қалыптасатынын жеткізді.

Кездесу IWMI мен Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) бірлескен Blue Peace Central Asia (BPCA) бастамасы аясында жүзеге асты және Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігінің (SDC) қолдауымен жүргізілді. Сондай-ақ сарапшылар «Су дипломатиясы» бағдарламасын бөлек әзірлеу және оны Ұлттық тіркеуге енгізу өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды қадамы екенін жеткізді.
Кездесу соңында қатысушылар магистранттар үшін академиялық мобильдік, оның ішінде АҚШ-тың Орегон университетінде тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін талқылады және ҚазҰУ мен IWMI ынтымақтастығы Орталық Азияның жоғары білікті су дипломаттарын даярлауда берік негіз болатынына сенім білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар