ҚазҰУ-да Senat Open 2026 шахмат турнирінің іріктеу кезеңі өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Farabi Hub инновациялық өнімдер және жоғары технологиялық жобалар орталығында денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері арасында ауқымды Senat Open 2026 шахмат турнирі өтті.

Іс-шарада шахмат тақталары басында саланың жетекші медициналық мекемелері мен ұйымдарының атынан 135 қатысушы бақ сынады. Қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеген университет Басқарма мүшесі – проректор Бақытжан Омаров шахмат пен медицинаның ортақ қырлары көп екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі сала да жоғары деңгейдегі зейінді, бірнеше қадам алға ойлай білуді және әр шешім үшін жауапкершілікті талап етеді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов, федерацияның өңірлік директоры Саят Егенбердиев және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

Серіктестік байланыстарды нығайту мақсатында университетке жасанды интеллектімен жабдықталған заманауи шахмат роботы табысталды. Бірегей құрылғы оқу үдерісі мен жаттығу базасына енгізіліп, студенттерге ЖИ алгоритмдерін меңгеруге және спорттық шеберліктерін шыңдауға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Турнир тартысты әрі өзара құрметке негізделген бәсекелестік атмосферасында өтті. Тартысты өткен партиялардың қорытындысы бойынша 20 үздік ойыншы анықталды. Дәл осы жүлдегерлер Senat Open іріктеу турнирінің екінші кезеңінде медициналық қауымдастықтың намысын қорғау құқығына ие болды. Келесі кезең де Алматы қаласында өтеді.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар