Ректор ЖИ саласындағы жас ғалымдармен кездестіFarabi University

Ректор ЖИ саласындағы жас ғалымдармен кездесті

17 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев жасанды интеллект бағытында ғылыми жобаларды іске асырып жатқан оқу ордасының жас ғалымдарымен кездесті.

Жас зерттеушілер құрамында «AGI» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі, қауымдастырылған профессор Бағлан Иманбек, «AGI Labs» зертханасының меңгерушісі Нұрдәулет Тасмұрзаев және «Super Intelligence Labs» зертханасының меңгерушісі Бейбарыс Амангелді бар. Аталған ғалымдар қазіргі таңда медицина, ауыл шаруашылығы, жаңа технология, цифрландыру және өзге де салаларда жасанды интеллект көмегімен инновациялық жобаларды іске асыруда.

Кездесу барысында университетте іске асырылып жатқан инновациялық жобалар таныстырылып, жасанды интеллект технологияларын дамыту, оларды білім беру үдерісіне енгізу мәселелері талқыланды.

Жас ғалымдар зертханаларында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалардың негізгі бағыттары мен қол жеткізілген нәтижелері туралы баяндады.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев жас ғалымдардың бастамаларына жоғары баға беріп, университет тарапынан жан-жақты қолдау жалғасатынын атап өтті.

Сонымен қатар өз сөзінде ректор жас зерттеушілердің емін-еркін жұмыс істеулері үшін ғылыми зертханалардың аумағын кеңейтіп беруге жәрдемдесетінін жеткізді.

Жүздесу қорытындысы бойынша жасанды интеллект бағытындағы ғылыми жобаларды әрі қарай дамыту, тәжірибелік нәтижелерді коммерцияландыру және білім беру бағдарламаларымен ықпалдастыру бойынша нақты міндеттер айқындалды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі