Израильмен ғылыми байланыстар жанданады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен Қазақстан мен Қырғызстандағы Израиль мемлекетінің төтенше және өкілетті елшісі Йоав Быстрицкий арасында маңызды кездесу өтті.
Келіссөз барысында ректор университеттің жетекші зерттеу орталығы ретінде жоғары мәртебесін атап өтіп, оның халықаралық аренадағы жетістіктерін бяандады. «ҚазҰУ әлемнің үздік 200 университетінің қатарына кіріп, QS WUR 2026 рейтингінде 166-орынды иеленді. Біздің ғылыми инфрақұрылымымызға 8 ғылыми-зерттеу институты, 140 зертхана және 29 ғылыми орталық кіреді. Қазір ҚазҰУ кампусының 2-кезең құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, нәтижесінде жаңа ғимараттар мен студенттік жатақханалар салынады. Біз Израильдің жоғары технологиялық орталықтары және университеттерімен жемісті серіктестік орнатуға мүдделіміз», – деп атап өтті ректор.

Кездесуде Израиль университеттерімен серіктестікті кеңейтуге баса назар аударылды: Холон технологиялық институты, Хайфа университеті және Бар-Илан университеті. Ректор академиялық мобильділік жетістіктеріне тоқталып, ҚазҰУ докторанттары мен магистранттарының Израильдің жетекші орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өткенін, сондай-ақ инженерия мен ақпараттық технологиялар саласында инновациялық қосдипломдық бағдарламаларды іске қосу жоспарын атап өтті.

Өз кезегінде Йоав Быстрицкий білім алмасуды жеделдетуге Израиль тарапының қызығушылығын білдірді. Елші Израиль университеттері қазақстандық студенттерді қабылдауға дайын екенін жеткізді. Атап айтқанда ол Бар-Илан университетінің бастамасын қолдап, келесі оқу жылында ҚазҰУ-дың 20 магистрантын қабылдауға дайын екенін айтты. «Біз ғалымдарымыздың күш-жігерін біріктіруде зор әлеует көреміз. Израиль бірлескен бастамаларға ашық, бұл білім мен технологияларды тасымалдаудың көпірі болады», – деді дипломат.

Тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты қадамдарды талқылады, оның ішінде израильдік профессорларды PhD докторанттарға жетекшілік етуге шақыру да бар. Кездесу соңында ректор Жансейіт Түймебаев Йоав Быстрицкий мырзаға ҚазҰУ-ға арнайы сапармен келгені үшін алғыс білдіріп, қол жеткен келісімдердің екі ел арасындағы ғылыми-білім беру диалогының дамуына күшті серпін беретініне сенім білдірді.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар