«Матенадаран» ежелгі қолжазбалар институтымен келісім жасалды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Арменияның жетекші ғылыми-зерттеу орталығы – Месроп Маштоц атындағы «Матенадаран» көне қолжазбалар институтының директоры Араик Хзмалян бастаған делегацияны қабылдады.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптардың өзара тиімді серіктестігін айқындайтын ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қонақтарға сапарлары үшін алғыс білдіргеннен кейін, Жансейіт Түймебаев университеттің жетістіктеріне егжей-тегжейлі тоқталып, құрметті қонақтарды ғылыми инфрақұрылыммен және ҚазҰУ қалашығы құрылысының 2-кезеңінің жоспарымен таныстырды. «Матенадаранмен» ынтымақтастық перспективалары туралы сөз қозғағанда Жансейіт Түймебаев факультеттердің нақты жұмыс бағыттарын атап өтті. Ректордың айтуынша, университет армян тіліндегі аудармалардағы ортағасырлық мәтіндер туралы ақпарат алуға, мәмлүк сұлтандарының дипломатиялық хат-хабарларына қатысты материалдарды зерттеуге, Орталық Азиядан шыққан көрнекті ғалымдар туралы деректер жинауға мүдделі.

Сонымен қатар магистранттарға Месроп Маштоц атындағы көне қолжазбалар мұражай-институтында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ палеография, деректану және орта ғасырлар тарихы бойынша Матенадаранның жетекші ғалымдарының қатысуымен онлайн-дәрістер мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру ұсынылды.

Өз кезегінде Араик Хзмалян ынтымақтастықты терең интеграциялау ниетін білдіріп, «Матенадаран» коллекциясының ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіліміне енген бірегей дереккөздерін қазақстандық әріптестермен бірлескен зерттеулер үшін ұсынуға дайын екенін айтты. «Біз күш біріктірудің зор әлеуетін көріп отырмыз. «Матенадаран» білім мен технологиялар трансферті үшін көпір болатын бірлескен бастамаларға ашық», – деді институт директоры.

Кездесудің басты нәтижесі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжатқа профессор-оқытушылар мен қызметкерлердің өзара сапарлары, академиялық ұтқырлық бағдарламалары мен студенттер алмасуы, ғылыми жарияланымдарды бірлесіп дайындау, жобаларды гранттық қаржыландыруға өтінімдер беру, практика базалары мен жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері туралы ақпарат алмасу сияқты негізгі бағыттар енгізілді. Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Армения ғалымдары арасындағы Шығыстың тарихы мен мәдениетін зерттеу саласындағы диалогты дамытуға қол жеткізілген келісімдердің мықты серпін беретініне сенім білдірді.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар