Армениялық делегация ҚазҰУ әлеуетімен танысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Армениядағы Месроп Маштоц атындағы «Матенадаран» ежелгі қолжазбалар музей-институты делегациясы үшін кампус-тур ұйымдастырылды. Қонақтарға университеттің негізгі ғылыми және білім беру нысандарын ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев таныстырды.
Кампус-тур Қазақстан-Қытай бірлескен «Қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану» зертханасынан басталды. Мамандар заманауи жабдықтарды көрсетіп, зертхананың ғылыми жобалары мен тәжірибелік жұмыстарын таныстырды. Қонақтарға DJI Matrice 300 RTK дрондарының зерттеулерде практикалық қолданылуы түсіндірілді. Ғалымдар қашықтықтан зондтаудың табиғи ресурстарды бақылауда, ландшафттық өзгерістерді зерттеуде және тарихи-мәдени нысандарды сақтаудағы маңызды рөлін атап өтті.

Делегация суперкомпьютерлік кластердің жұмысымен және үлкен мәліметтерді өңдеу, күрделі процестерді модельдеу, пәнаралық зерттеулер жүргізуге арналған жоғары өнімді есептеу мүмкіндіктерімен танысты. Ректор Жансейіт Түймебаев бұл технологиялар университетке күрделі ғылыми міндеттерді шешуге, зерттеулерді халықаралық жобаларға интеграциялауға және әлемдік деңгейдегі мамандарды даярлауға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.

Армениялық делегация ҚазҰУ-да ғылым, білім және бизнестің интеграциясы үшін негізгі алаң болып табылатын Farabi Hub инновациялық орталығын аралады. Ректор бұл орталықтың жетекші университеттер, ғылыми институттар және инвестор-компаниялармен серіктестік орнататынын және бұл бірлескен зерттеулер мен жаңа технологияларды дамытуға кең мүмкіндіктер ашатынын айтты. Қонақтарға жас зерттеушілерді қолдау экожүйесі, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру механизмдері және білім беру мен гуманитарлық зерттеулер саласындағы цифрлық шешімдер көрсетілді.

Сонымен қатар Farabi Hub базасында жұмыс істейтін ZTE компаниясы, халықаралық «ZooStan» Орталық Азияны зерттеу ғылыми-зерттеу орталығы, ҚХР Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесіп құрылған микроспутниктер зертханасы, биология және биотехнология, химия және химиялық технология, заманауи қолданбалы физика және жоғары технологиялар зертханалары, «Робототехника және мехатроника RoboMech» ғылыми-білім беру орталығы, Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы, Сот сараптамалары орталығы және Ғылыми-технологиялық парк сияқты халықаралық және пәнаралық құрылымдар таныстырылды.






Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар