ҚР Президентінің кеңесшісі Алексей Цой ҚазҰУ-ды аралады
Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Владимирович Цой Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жұмыс сапарымен келді. Сапардың мақсаты – еліміздің жетекші жоғары оқу орнының ғылыми-зерттеу әлеуеті және университет кампусының инфрақұрылымын жаңғырту жобаларының барысымен танысу болды.

Сапар бағдарламасы ауқымды кампус-турдан басталды. Алексей Цойға «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығының 10 алдыңғы қатарлы зертханасының жұмысы, сондай-ақ Farabi Supercomputer Center, Ми институты және бірлескен Қазақстан-Қытай қашықтықтан зондтау зертханасы сияқты бірегей технологиялық алаңдар көрсетілді. Кеңесшінің ерекше назарын KUKA және HUIBO робототехника орталықтары, сондай-ақ отандық медицина үшін қолданбалы әзірлемелер жүргізіліп жатқан Дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу орталығы аударды.

Кездесуде ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев оқу орнының әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялану бағыттарына тоқталды. «Бүгінде ҚазҰУ тек білім берудің ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жаңғырудың драйвері ретінде танылуда. Біз жаңа жатақханалар, оқу корпустарын салуды және инфрақұрылымды, соның ішінде Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайын реконструкциялауды белсенді жүргізіп жатырмыз. Біздің міндетіміз – жастар үшін елдің сапалы адами капиталының кепілі болатын заманауи әрі жайлы экожүйе құру», – деп атап өтті Жансейіт Түймебаев.


Өз кезегінде Алексей Цой университеттің инновациялық қызметіне және оның әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесіне жоғары баға берді. Кеңесші өз сөзінде Мемлекет басшысы ғылым мәселелері мен студенттердің әл-ауқатына басымдық беретінін атап өтті.

«Бүгін көрген зертханалар мен Farabi Chem сияқты ғылымды қажет ететін өндірістердің, IT саласындағы жобалық кеңселердің әлеуеті ҚазҰУ-дың академиялық білімді экономиканың нақты секторымен табысты ұштастырып отырғанын дәлелдейді. Мұндай білім беру хабтарын дамыту – Қазақстанның әлеуметтік тұрақтылығы мен технологиялық егемендігін қамтамасыз етудің стратегиялық басымдығы», – деді Алексей Владимирович Цой.



Кездесу соңында тараптар университеттің мемлекеттік әлеуметтік бастамаларды іске асырудағы алдағы рөлін талқылап, жаңа буын мамандарын даярлауда өзара тығыз ынтымақтастық жасауға дайын екендіктерін растады.







Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар