ТДМ №4: Қаңтар айында студенттерге тегін тамақтану талондары берілдіFarabi University

ТДМ №4: Қаңтар айында студенттерге тегін тамақтану талондары берілді

20 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттерді әлеуметтік қолдауға бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қаңтар айында осы бастамалардың жалғасы ретінде әлеуметтік осал санаттағы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім беру қажеттіліктері бар, сондай-ақ оқу үлгерімі жоғары және қоғамдық өмірге белсенді қатысатын студенттерге 20 тегін тамақтану талоны табысталды.

Бұл бастама студенттердің материалдық жүктемесін азайтуға, олардың білім алу процесіне толыққанды назар аударуына мүмкіндік жасауға және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, мұндай қолдау жастардың университет өміріне белсенді араласуына және өз әлеуетін жан-жақты дамытуына оң ықпал етеді.

Университет аумағындағы асханалар мен кофеханалар студенттерге сапалы әрі қолжетімді тағам ұсыну арқылы олардың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етіп келеді. Тамақтану орындарында санитарлық талаптар сақталып, қызмет көрсету деңгейі үнемі жетілдірілуде.

Алдағы уақытта университет басшылығы әлеуметтік қолдау шараларының аясын кеңейтуді, студенттерге көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттыруды және білім алушылар үшін қолайлы академиялық әрі әлеуметтік орта қалыптастыруды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырып отыр.