Түркия университеттерімен академиялық байланыс артады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркия Республикасының Алматыдағы бас консулы Туғба Алан Өзденфедакар бастаған делегацияны қабылдады.
Сапар аясында мәртебелі меймандар университет басшылығымен кездесіп, ғылыми-білім беру және мәдени-гуманитарлық бағыттағы екіжақты ынтымақтастықты жандандыру мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың Түркия жоғары оқу орындарымен халықаралық серіктестікті жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтті. Университет басшысы академиялық ұтқырлық бағдарламалары табысты жүзеге асырылып жатқанын және ҚазҰУ қабырғасында Түркияның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері жиі қонақ болатынын айтты. Олардың қатарында Түркияның экс-президенті Абдуллах Гүл және Президент әкімшілігінің басшысы Метин Кыратлы бар.

Сонымен қатар ректор кадр даярлаудың басым бағыттары бойынша ҚазҰУ мен Түркияның жетекші университеттері арасында бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламаларын іске қосуды перспективалы қадам ретінде бағалады. Цифрлық технологиялар, медицина, биотехнология, энергетика және түркітану салаларында ортақ ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар құру бастамасын ұсынды. Мұндай жобаларды гранттық қаржыландыру арқылы жүзеге асырып, екі елдің ғалымдарын кеңінен тарту көзделіп отыр.

Өз кезегінде Түркия Республикасының Алматыдағы бас консулы Туғба Алан Өзденфедакар екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы диалогты нығайтудың маңызын атап өтіп, білім, ғылым және мәдениет салаларындағы бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді. Ол Түркияның білікті мамандар даярлау мен ортақ ғылыми-зерттеу орталықтарын құру бағытында ҚазҰУ-мен сенімді серіктес болу ниетін білдірді.

Сондай-ақ тараптар академиялық алмасу бағдарламаларын кеңейту, бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыру, студенттер мен оқытушылар алмасуын дамыту мәселелерін талқылады. Бұл бағыттағы жұмыстар Erasmus+, «Орхон» бағдарламасы және өзге де ынтымақтастық тетіктері аясында жалғасады.






Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар