ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АНА ТІЛІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!Farabi University

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АНА ТІЛІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

21 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, білім алушы жастары!

 

Сіздерді Халықаралық ана тілі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Халқымыздың ардақты тұлғасы, Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаев: «Тіл – әрбір адамға қаншалықты қымбат болса, тұтас ұлт үшін де аса маңызды. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады» – деп тұжырымдаған.

ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін бұл күннің басты мақсаты – әр ұлттың тілдік және мәдени ерекшеліктерін сақтау, көптілділікті дамыту, мәдениетаралық байланысты нығайту.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ана тілін білу – әр азаматтың парызы, ал тіл саясаты – ұлттық бірліктің негізі.

Мемлекеттік тілді меңгеру – әр азаматтың абыройлы міндеті болса, тіл саясаты ұлтаралық татулықты нығайтып, қоғамды біріктіруші құрал рөлін атқаруы қажет», – деп атап өткен болатын.

Биыл елімізде жаңа Конституция жобасы әзірленді. Ата эаңымыздың жаңа редакциясында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі орны бұрынғыдан да айқын әрі нақты көрсетілді.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындау – бұл тек құқықтық норма ғана емес, елдің болашақ даму бағытын белгілейтін стратегиялық құндылық.

Ана тілі – ұлттың рухани коды, тарихи жады және болашаққа бастар темірқазығы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарып келеді.

Ақпараттық жүйелер мен жасанды интеллект технологияларында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында университет ғалымдары «Қазақ тілін және технологиялық прогресті қолдау үшін үлкен тілдік модельді (LLM) құру» мегажобасына белсенді түрде үлес қосуда.

Бұл бастама – қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі әлеуетін арттырып, оны заманауи технологиялармен ұштастыруға бағытталған маңызды қадам.

Ғылым мен инновация тоғысқан заманда ана тіліміздің жаңа мүмкіндіктерін ашу – университет қауымының ортақ міндеті.

Цифрлық дәуірде қазақ тілі білім мен технологияның толыққанды тіліне айналуы тиіс.

Ана тіліміздің тұғыры берік болып, мәртебесі биіктей берсін!

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ