Ка’Фоскари университетімен серіктестік нығаядыFarabi University

Ка’Фоскари университетімен серіктестік нығаяды

23 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева Италия делегациясымен кездесті. Ка’Фоскари атындағы Венеция университетінің вице-ректоры Антонио Маркомини бастаған делегация құрамында Италия елшілігінің мәдениет атташесі, Қазақстандағы Италия мәдениет институтының директоры Эдоардо Кризафулли болды.

Қонақтар алдымен университет кампусымен танысып, Суперкомпьютер, Жерді қашықтықтан зондтау орталықтарында және IT-технопаркінің инновациялық зертханаларында болды.

Ресми кездесу барысында Алина Галеева оқу орны Италияның жетекші университеттері және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық байланыстарды белсенді түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде Италияның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен, соның ішінде Сапиенца, Падуя және Пиза университеттерімен 11 келісімге қол қойылған. Соңғы үш жылда ҚазҰУ-дың 47 студенті мен 28 оқытушысы Италияда тағылымдамадан өткен. Проректор Римнің Ла Сапиенца университетімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан қос диплом бағдарламасының табысты тәжірибесін ерекше атады. Сонымен қатар Ка’Фоскари университетімен арадағы онжылдық әріптестік тарихына тоқталып, Erasmus+ бағдарламасы аясындағы жобаларды және «Марко Полоның саяхаты» кітабын қазақ тіліне аудару бойынша бірлескен жұмысты тілге тиек етті.

Өз кезегінде вице-ректор Антонио Маркомини 1868 жылы негізі қаланған Ка’Фоскари Венеция университетінің әлеуеті туралы баяндады. Оның айтуынша, университет экономика, лингвистика және гуманитарлық ғылымдар саласында Италиядағы көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі  және бүгінде мұнда 23 мыңнан астам студент білім алады. Профессор түркітану мен шығыстану бағыттарының жоғары деңгейде дамығанын атап өтіп, пәнаралық зерттеулерді кеңейтуге және Жібек жолы университеттері желісі (SUN) аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық білдірді.

Эдоардо Кризафулли өз сөзінде мәдени диалогтің маңызына тоқталды. Ол академиялық әріптестік Италия тілі мен мәдениетін Қазақстанда ілгерілетуге берік негіз болатынына және қазақтың мәдени мұрасын Еуропада танытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Кездесу қорытындысында тараптар серіктестіктің жаңа бағыттары мен перспективаларын, бірлескен қосдипломды және академиялық алмасу бағдарламаларын әзірлеу мәселелерін кеңінен талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі