ҚазҰУ-да референдум институтының құқықтық қырлары қаралды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Референдум – тікелей демократия институты» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында сарапшылар референдумның құқықтық табиғаты мен оның қазіргі конституциялық үдерістердегі орнына жан-жақты талдау жасады.
Заң факультетіндегі Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға заң ғылымының өкілдері, ғалымдар, мемлекеттік орган қызметкерлері, оқытушылар мен білім алушы жастар қатысты.

Шараны заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов ашып, референдумның мемлекеттің саяси жүйесіндегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, халықтың ел басқару ісіне тікелей қатысу мүмкіндігін кеңейту – құқықтық мемлекетті дамытудың негізгі шарттарының бірі.
Кафедра меңгерушісі, профессор Гүлдана Қуанәлиева өз кезегінде дөңгелек үстелдің өзектілігін айта келе, ғылыми пікір алмасудың маңызына назар аударды.

Талқылау барысында қатысушылар референдум институтының тікелей демократия жүйесіндегі рөліне, оны өткізудің құқықтық негіздеріне және халықаралық тәжірибеге тоқталды. Сонымен қатар азаматтардың саяси шешім қабылдауға қатысу тетіктері мен ұлттық заңнаманы жетілдіру мәселелері көтерілді.

Сондай-ақ кездесуде заң ғалымдары – Саида Асанова, Ербол Әлімқұлов, Қанат Қожабек, Бақытжан Қалымбек, Ғалым Телеуев, Гүлнұр Рашева, Айнаш Есекеева және Сабыржан Жапаков баяндама жасады. Олар референдумның құқықтық негіздері, конституциялық жаңғыру үдерістері және адам құқықтарының кепілдіктерін күшейту мәселелері бойынша ой-пікірлерін ортаға салды.

Іс-шара қорытындысында қатысушылар референдум институтын одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеп, оның демократиялық мемлекет құрудағы стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі